«AMANAT» партиясы мүшесі Мұрат Ергешбаев Қазалы тұрғындарын жеке қабылдаудан өткізді
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келді. Сапар аясында ол партияның аудандық филиалында тұрғындарды жеке қабылдауынан өткізіп, азаматтардың өтініш-пікірлеріне құлақ түрді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қабылдау барысында тұрғындар бірнеше өзекті мәселелерді көтерді. Бекарыстан би ауылының тұрғыны қазіргі таңда Жаңқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев елді мекендеріне магистральды газ құбыры тарту жұмыстары басталғанын айтып, осы елді мекендерге ауылішілік газ желілерін жүргізу қажеттігін жеткізді. Бұл мәселе Ақсуат ауылының тұрғыны тарапынан да көтеріліп, елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар, қабылдауға келген азаматтар «Қарлаң» учаскесіндегі көпір құрылысының мерзімінде және сапалы аяқталуына қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Бұл көпір аудан тұрғындары үшін маңызды көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысаны болып табылады.
Мәселелер назардан тыс қалмайды
Мұрат Ергешбаев әрбір тұрғынның ұсыныс-тілегін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді жауапты сала мамандарымен бірге талқылады. Ол газдандыру жұмыстарының бюджет мүмкіндіктеріне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асатынын, ал инфрақұрылымдық жобалар – соның ішінде көпір құрылысы – тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Қабылдау барысында Мұрат Ергешбаев аудандық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып, парламенттік бақылау шеңберінде көтерілген мәселелер бойынша орталық мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.







