"Қазақшадан қате көрсем, шыдамаймын": Ақтөбедегі тіл жанашыры көшедегі қателерді жөндейтін арнайы топ құрды

486
Ақбота Серікқызы Ақтөбедегі белсенді тіл жанашырларының бірі. Өзі медицина саласының маманы болса да, қазақ тілінің жағдайы оны бей-жай қалдырған емес. Бүгінде арнайы еріктілер тобын құрып, қаладағы жарнамалар мен мәтіндерден қате көрсе, ескерту жасап жүретін Ақбота KAZ.NUR.KZ порталына арнайы сұхбат берді.

Ақбота Серікқызы Ақтөбе облысының Байғанин ауданында дүниеге келген. Ол қаладағы емханалардың бірінде қызмет етеді. Алайда, қазақ тіліне қатысты көзге түскен түрлі қателерді ешқашан айналып өткен емес.

 «Тіл жанашыры болғаныма әке-шешемнің де тәрбиесі ықпал еткен шығар. Анам Сәнеш өмір бойы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Бүгінде әкем Серік екеуі жеке кәсіпкер. Алдымдағы төрт ағам да өз істерімен айналысады. Ал мен медицина саласында қызмет етемін. Десе де, тіл жанашыры ретінде қала көшелерінде, мекеме орындарында кездескен әрбір қатені жүрегіме ауыр қабылдаймын. Маңдайшалар мен жарнамаларда қазақ тіліндегі мәтіннің дұрыс жазылмағанын көрсем, иесін тауып, әдістемелік кеңес айтамын. Қазақ тіліндегі жазбадан қате көрсем, аттап өтіп кете алмаймын», - дейді Ақбота.

Қазіргі таңда Ақбота тіл жанашырларынан құралған еріктілер тобын құрып, жұмыс істеуде.

 «Көптеген қоғамдық орындарда, халыққа қызмет көрсету орындарында Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңның талаптары сақталмай жатады. Атап айтқанда, жарнама, көрнекі ақпараттар мәтіндері сын көтермейді. Ес білгелі осы тілге қатысты мәселелерге куә болып келемін және өз бетіммен заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп көрдім. Дегенмен, «жалғыздың үні шықпас» дегендей, бір менің жұмысым көп нәтиже бере қоймады. Сондықтан үнге үн қоссақ, айқай емес, «зор дауысқа» айналсақ деген ниетпен, «Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасына» барып өз пікіріммен бөлістім. 

2020 жыл басынан басқарма мамандарымен бiрлесе отырып, «Ана тілім-арыс» еріктілер тобы құрылды. Қала бойынша арнайы рейд жұмыстарына шығып, қала көшелеріндегі мекеме, сауда орындарының атауы жазылған маңдайшалар, көптеген жарнама тақталарды, басқа да көрнекі ақпараттарды тіл туралы заңнама талабына сәйкес қазақшаландырып, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бүгінде тобымыздың аты – «Мемлекеттік тіл - тірегім» болып өзгертілді», - дейді ол. 
Қазіргі таңда Ақбота бастаған топ қоғамның əртүрлі салаларында, мекеме атауы жазылған маңдайшаларда, көше бойындағы өзге де жарнамалық тақталар, халыққа қызмет көрсету салаларындағы, емханалар мен ауруханалардағы, оқу орындарындағы жəне т.б. мекемелердегі, заңнама талаптарына сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тіліндегі ақпараттық мəліметтердің міндетті түрде болуын, заң нормалары бұзылған жағдайға куә болғанда, жауапты тұлғаларды, мекеме басшылығын ақпараттандырып, қолданыстағы заңнамаға сəйкес («Тіл» туралы заң, 21-бап) этикалық нормаларды сақтай отырып, кеңестер береді. «Тіл туралы заңға өзгерту қажет деп ойлаймын. Бұрынғы қабылданған кездегіден қазіргі жағдай басқаша. Заман алға озды, қазақ тіліне сұраныс артып келеді. Қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері де көбейді. Бұл қуантады, әрине. Дегенмен, «әттеген-ай» әлі де кездеседі. Әлі де қатені көп көреміз, көз алдымызда қазақша сөздердің, сөйлемдердің мағынасы қисайып тұрады. Осы олқылықтарды реттеу үшін тіл туралы заңға түзетулер енгізу керек. Бұл қазақ тілінің қолданыс аясын одан әрі кеңейту үшін керек дүние», - дейді Ақбота.