Оңтүстік аймақта 10 жаңа су қоймасы салынады

2 507

 Фото: Рexels.comСу ресурстары және ирригация министрлігі 2028 жылға дейін Қазақстанның оңтүстігінде 10 жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысы тұрғындарымен өткен есептік кездесуде мәлімдеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Министрдің айтуынша, су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында облыстағы үш су қоймасы қайта жаңартылып, 45 гидротехникалық нысан тексеруден өтеді.

2026 жылы Ақмола және Қалғұтты су қоймаларының құрылысы басталып, Теріс-Ащыбұлақ пен Қарақоныз су қоймалары қалпына келтірілмек. Сонымен қатар, облыс әкімдігі жеті жаңа нысанға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде.

Жергілікті тұрғындар кездесуде суару арналарын жөндеу мәселесін көтерді. Министрдің сөзінше, бұл бағытта бес ауданда ұзындығы 415 шақырым болатын 76 арнаны жаңарту жобасы іске асырылып жатыр. Нәтижесінде 24 мың гектардан астам суармалы алқапқа су жеткізіледі.

Сонымен қатар, суару жүйелерін реконструкциялау бойынша тағы 23 жоба аяқталуға жақын. Бұл жұмыстардың нәтижесінде қосымша 19,7 мың гектар егістік жер сумен қамтылмақ. Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 103 шақырымнан асатын бес жоба толық аяқталады деп жоспарлануда.