Мектепте телефон қолданған оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынуы мүмкін
Қазақстандық оқушылар сабақ кезінде телефон пайдаланса, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылуы ықтимал, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Жаңа талаптардың басты мақсаты – балалардың сабақта толықтай оқу процесіне назар аударуына мүмкіндік жасау. Сарапшылардың пікірінше, телефон қоңыраулары мен хабарламаларға алаңдамайтын оқушылардың үлгерімі артып, тәртіп те жақсарады.
Ережеге сәйкес, егер оқушы сабақ үстінде телефон қолданса, жауапкершілік ата-анасына жүктеледі.
Бірінші рет ереже бұзғандарға ескерту жасалады. Ал қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 19,5 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұл айыппұлды мектеп әкімшілігінің шақыруымен келген полиция қызметкері рәсімдей алады.
Көптеген ата-аналар бұл бастаманы қолдайды. Олардың айтуынша, балалар үйде де телефон мен ойындарға жиі алданып кетеді. Дегенмен кейбір ата-аналар баламен байланыс үзілмеуі керектігін де айтады.







