11 сынып оқушысы сот арқылы әкесінен алимент өндіріп алды
Таразда жекеменшік мектепте оқитын 11 сынып оқушысы сот арқылы жылдар бойы өзімен араласпаған және материалдық қолдау көрсетпеген әкесінен алимент өндіріп алуға қол жеткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
11-сыныпта оқитын қыз ай сайын шамамен 68 мың теңге көлемінде оқу ақысын төлейді. Оның отбасылық жағдайы күрделі: 2008 жылы әкесі екі баласына қатысты ата-ана құқықтарынан өз еркімен бас тарту туралы нотариалды түрде куәландырылған арыз жазған.
2018 жылы қыздың анасы мен ағасы қайтыс болып, содан бері ол әжесінің қамқорлығында өмір сүріп келген. Қазіргі уақытта барлық тұрмыстық және оқу шығындарын зейнетақы алатын әжесі өтейді. Алайда бұл қаражат тек күнделікті азық-түлік пен ең қажетті қажеттіліктерге ғана жеткен. Қыздың айтуынша, әкесі осы уақытқа дейін ешқандай материалдық көмек көрсетпеген, қызымен байланыс орнатудан бас тартқан. Тіпті көмек сұрап хабарласқан кезде оның байланыс нөмірін бұғаттап тастаған. Осындай жағдайға байланысты оқушы сотқа алимент өндіру туралы талап арызбен жүгінді. Сот барысында талапкер өзінің қаржылық қиындықтарын дәлелдеп, оқуын жалғастыру үшін қолдау қажет екенін жеткізді. Жауапкер, яғни әкесі, талапты толық емес көлемде қанағаттандыруды сұрап, басқа некеден туған төрт баласының бар екенін және несиелік міндеттемелері барын алға тартқан. Дегенмен, сот оның еңбекке қабілетті екенін, сондай-ақ бірнеше кәсіпорыннан табыс табатынын анықтады. Сонымен қатар, сот отырысы кезінде жауапкердің жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден жақында шыққаны және бұған дейін өзге төрт балаға әкелік құқықты ресімдегені белгілі болды. Сот бұл әрекеттерді алимент мөлшерін әдейі азайтуға бағытталған қадам ретінде бағалады.
Істі қарау нәтижесінде Тараз қалалық соты әкеден қызы мектепті аяқтағанға дейін ай сайын 17 айлық есептік көрсеткіш (66 844 теңге) мөлшерінде алимент өндіру туралы шешім қабылдады. Жауапкер бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Алайда Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, сот актілері заңды күшіне еніп, әке алимент төлеуге міндеттелді.







