Қоқысты ЖИ-мен “жинауға“ қатысты дау: қызметкер жұмысынан айырылды
Алматының Бостандық ауданында көшені "жинау" үшін жасанды интеллектіні пайдаланғандардың қалай жазаланғаны белгілі болды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі kaz.tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бостандық ауданының әкімдігі қызметтік тексеру жүргізілмегенін хабарлады: Левитан көшесіндегі (№125 мектепке қарама-қарсы) тазалық жұмыстарының "инновациялық" әдісінің жұмысшысы бәрін өзі мойындаған.
"Левитан көшесіндегі (№125 мектепке қарама-қарсы) тазалық жұмыстарының жасанды интеллект көмегімен өңделген фотосуреттеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізу мәселесі бойынша мынаны хабарлаймыз: аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізу талап етілмейді, өйткені мемлекеттік қызметші жіберілген құқықбұзушылықты мойындады", - деп хабарлады ведомство.
Осыдан кейін қызметкермен еңбек қатынастары тоқтатылған.
"Сонымен қатар бұл адаммен еңбек шарты бұзылды, соған байланысты оның мемлекеттік органмен қызметтік қатынастары тоқтатылды", - деп толықтырды әкімдіктегілер.
Аудан әкімдігі бұдан былай тергеу жүргізу жоспарда жоқ екенін атап өткен.
"Тәртіптік теріс қылық жасау мән-жайларын анықтауға және мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесін қарауға бағытталған қызметтік тергеу мақсаттары бұл жағдайда бұдан былай іске асыруға жатпайтынын ескере отырып, қызметтік тергеуді тағайындауға және жүргізуге негіз жоқ. Осыған байланысты мәселе шешілген деп есептеледі және қосымша қызметтік процедураларды қажет етпейді", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.







