Пойызбен сапар неге ұшақ билетінің бағасымен бірдей: ҚТЖ өкілі түсінік берді
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов неліктен пойыз билеттері ұшақ билеттерінің бағасын қуып жеткенін түсіндірген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Журналистер пойыз билетінің бағасы қазір ұшақ билетімен теңесіп келе жатқанын атап өткен. Тілшілердің айтуынша, Атыраудан Астанаға дейін купеге билет құны – 35 000 теңге, бұл 2025 жылмен салыстырғанда шамамен 10 000 теңгеге қымбат.
Олар пойыз билеттері неліктен ұшақпен сапармен пара-пар болып отырғанын түсіндіруді сұрады.
Маусымға немесе тәулік мезгіліне қарамастан бірыңғай бағаны ұстанамыз. Сіз 35 000 теңге туралы айтып отырсыз — бұл біздің қаңтардан желтоқсанға дейінгі бағамыз. Бағаға Көлік министрлігімен жасалған келісімшартқа сәйкес жыл сайын индексация жасалады.
Биыл билеттердің бағасы 1 сәуірден бастап 7 пайызға өсті", - деді "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов.
Оның айтуынша, соңғы бір жылда инфляция 12 пайыздан асқан.
Бірақ егер жоғары маусым кезеңін есепке алсақ, әуе билеттерінің бағасы 70 000, 80 000, тіпті 100 000 теңгеге жетеді. Менің ойымша, жыл бойы және әртүрлі маусымдағы орташа бағаларды салыстыру дәлірек. Сондықтан, бағаларымыз жыл бойы тұрақты екенін қайталап өткім келеді.
Авиацияда динамикалық тариф белгілеу жүйесі жұмыс істейді, онда билеттердің бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Көп жағдайда әуе билеттерінің бағасы теміржол тарифтеріне қарағанда айтарлықтай жоғары", - деді спикер.







