Өртеніп жатқан үйдің терезесінен секірген қыз көз жұмды
Дәрігерлердің мәліметінше, терезеден секірген 23 жастағы қыз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Жүргізілген медициналық шараларға қарамастан зардап шегуші ауруханада көз жұмған.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт таңғы сағат 4-тер шамасында Павлодар қаласының Баян батыр көшесіндегі екінші қабатта орналасқан пәтерлердің бірінде болған. Жалпы ауданы 20 шаршы метр аумақта жиһаздар, үй заттары мен терезелер жалынға оранған. Тілсіз жауды тек жарты сағаттан кейін ғана ауыздықтау мүмкін болған.
Өрт сөндіру жасақтары жеткенге дейін жанып жатқан пәтерден 23 жастағы бойжеткен секіріп кеткен. Құтқарушылар үшінші қабаттан екі адамды, соның ішінде бір баланы сыртқа алып шыққан.
Өкінішке қарай, терезеден секірген қыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Тағы үш адам — 8 жасар қыз бала, 18 жастағы бозбала мен 66 жастағы қария алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартқан.







