Жедел жәрдем көлігі мен электрлі велосипедтің соқтығысы: бір адам қаза тапты
Алматыда 2 шілдеге қараған түні салынып жатқан
BRT желісінде жедел жәрдем көлігі мен электрлі велосипед соқтығысып, 2004 жылғы жас жігіт қаза тапты, – деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға куәгерлерінің сөзінше, электрлі велосипед жүргізушісі жедел жәрдем көлігінің астына кіріп кеткен. Апаттың салдарынан бозбала ауыр жарақат алған. Жедел медициналық көмек бригадасы келгенімен жігітке көмектесе алмаған.
Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі өзі Райымбек даңғылымен шығыс бағытта арнайы жарық шамдарын (маяк) қосып келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, электрлі велосипед жүргізушісі бастапқыда жолақтың ортасымен қозғалып келе жатқан, кейін кенеттен қарсы бағытқа қарай бұрылған. Көлік жүргізушісі соқтығысты болдырмауға тырысып, рульді жолдың ортасындағы бөлгіш аллеяға қарай бұрып, көлікті тоқтатқан. Алайда дәл сол сәтте соқтығыс болған.
Куәгерлер мен оқиғаға қатысушылар аталған жол бөлігіндегі қозғалыстың дұрыс ұйымдастырылмағанына да назар аударды. Олардың айтуынша, бұл жер қазір құрылыс жүргізіліп жатқан аумақ.
Сондай-ақ бұл учаскеде қажетті жол белгілері орнатылмаған, ал жолдағы ескі таңбалар BRT құрылысы басталғаннан бері жаңартылмаған. Соның салдарынан құрылыс аумағында көлік қозғалысының нақты бағыттарын анықтау қиынға соғып отыр. Жол-көлік оқиғасының нақты мән-жайы мен қай тараптың кінәлі екені құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеу барысында анықталады.







