Адамдар отырған көліктің үстіне ағаш құлады
Талдықорған-Текелі тасжолында үлкен ағаш жүріп келе жатқан жеңіл автокөліктің үстіне құлады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Салдарынан жүргізуші зардап шекті.
Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 21 шілдеде Қарабұлақ-Текелі автожолындағы «Өмір бұлақ» маңында болған. Қатты соққан желдің салдарынан ағаш жолдың жүру бөлігіне құлап, қозғалып бара жатқан Toyota Camry автокөлігін басып қалған.
Көлік ішінде бес адам болған. Оқиға салдарынан жүргізуші жарақат алды. ТЖД мәліметінше, автокөлік ішінде қысылып қалған адамдар болған жоқ. Құтқарушылар құлаған ағашты аралап, жолдың жүру бөлігін тазалады және көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті.
Ескелді ауданының әкімдігі зардап шеккен адамның Ескелді ауданының Орталық аудандық ауруханасына жеткізілгенін хабарлады. Оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.







