Мобильді операторлар тарифтерді аяқ астынан қымбаттата алмайды
Қазақстанда 20-шы тамыздан бастап мобильді байланыс қызметтерінің құны көтерілетіні туралы абоненттерді хабардар ету тәртібі өзгереді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Егер мобильді байланыс операторы тариф құнын өзгертуді жоспарласа, ол абонентке тарифті көтерудің жоспарланған күнінен кемінде 60 күнтізбелік күн бұрын хабарлауға тиіс. Тиісті нормалар байланыс саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерде қарастырылған. Хабарлама абоненттің нөміріне SMS арқылы жіберілуі тиіс. Сонымен қатар байланыс операторы алдағы өзгеріс туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурстарында жариялауы қажет. Абоненттер қызмет құнының алдағы уақытта көтерілетіні туралы алдын ала хабардар болып, жаңа шарттармен танысу үшін екі ай уақыты болады. Жаңа талап тек абоненттерді хабардар ету мерзіміне қатысты. Ал операторлардың тарифтік жоспарлардың құнын қайта қарау құқығы жойылмайды. Яғни, мобильді байланыс операторы бұрынғыдай қызмет құнын өзгерте алады. Алайда бұл туралы пайдаланушыларға алдын ала, кемінде 60 күн бұрын хабарлауы тиіс. Бұған дейін алдын ала хабарлау мерзімі 30 күнтізбелік күн болатын. Бұл өзгерістер 2026 жылдың 19-шы маусымында қабылданған телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту туралы заңда көзделген. Жаңа заңның негізгі бөлігі 20-шы тамыздан бастап күшіне енеді. Тарифтер туралы хабарлаудың жаңа тәртібімен қатар, осы күннен бастап смартфондарды верификациялау талаптары күшейтіледі. Сатушылар құрылғыларды сатылымға шығар алдында тексеруге міндеттеледі, ал ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасасу үшін абоненттің биометриялық аутентификациядан өтуі талап етіледі. Сондай-ақ операторлар әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар мобильді қосымшаларға тәулік бойы әрі тегін қосылуды қамтамасыз етуі тиіс. Мұндай қосымшалардың тізімін уәкілетті орган айқындайды.
Қаз
Рус






