Бөтен ер адам үйге кіріп, үш баланың қасына жатып алған
Астанада үш кішкентай бала ұйықтап жатқан пәтерге бөтен ер адам кіріп кеткен. Оны үйге келген балалардың әкесі тауып, пәтерден шығаруға әрекет жасаған кезде ер адам шабуыл жасаған. Оқиға балаларының көз алдында болған, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Астаналық Мадина 12 қыркүйекте әпкесінің үйіне балалары ұйықтап жатқан кезде, ер адам адамның басып кіргенін айтады. Қыздың айтуынша, әпкесі 6, 4 және 2 жасар үш кішкентай баласымен тұрады.
"Сағат 10:35-те әпкем жұмысқа кеткен. Ол кезде балалар үйде ұйықтап жатқан. Күйеуі оған жұмыстан шығып, жақында үйге жететінін айтқан. Сондықтан әпкем алаңдамай жұмысқа кеткен. Шамамен сағат 11:00-де әпкемнің күйеуі үйге келіп, есіктің алдында бөтен аяқ киімді көрген. Ал кіреберіс есіктің тұтқасы сынған болған. Әуелі, ол пәтерді немесе қабатты шатастырып алдым деп ойлаған. Бірақ сыртқа шығып, өзінің дәл өз пәтерінің алдында тұрғанын түсінген. Ол есікті ашып кірген кезде, ішінде мүлдем бейтаныс, жалаңаш ер адамның жатқанын көрген. Ол үш кішкентай бала жатқан пәтердің ішінде ұйықтап жатқан", – дейді Мадина.
Мадинаның сөзінше, балалардың әкесі оларды қорқытпау үшін бейтаныс ер адамды, алдымен, сабырлы түрде оятып, пәтерден шығарып жібермек болған.
Алайда ер адам көзін ашқан бойда оған шабуыл жасап, ұра бастаған. Соның салдарынан балалардың әкесі өзін қорғауға мәжбүр болған.
"Сол кезде әпкемнің күйеуі өзін қорғауға мәжбүр болған. Әпкемнің күйеуі ауыр жарақат алған, бірақ балаларын жалғыз қалдырғысы келмейді әрі жағдайдың қайталануынан қорқып, қазір үйде отыр. Мұның бәрі балалардың көз алдында болған. Олар қатты қорқып, жылап, көмекке шақыра бастаған. Балалардың айғайынан көршілер жүгіріп келген. Олар балаларды өз үйлеріне алып, полиция шақырған. Содан кейін әпкеме телефон шалып, үйге шұғыл келуін сұраған", – дейді Мадина.
Алайда осы жағдай отбасы мүшелерін ерекше алаңдатып отыр. Мадинаның айтуынша, үлкен балаға жақында ғана мазасыздық бұзылысы диагнозы қойылған. Бұған дейін баланы көлік қағып кеткен. Осы оқиғадан кейін ол қатты күйзелісті бастан өткеріп, сол жағдайдың салдарымен енді ғана күресе бастаған.
"12 қыркүйекте болған оқиға баланың психологиялық жағдайына қосымша зиян келтіріп, бұрыннан бар мазасыздық белгілерін күшейте ме деп қатты алаңдап отырмыз. Қазір ол өз үйінде бейтаныс жалаңаш адамның пайда болғанын және көз алдында төбелес болғанын көргеннен кейін қайтадан қатты қорқынышты бастан өткеруге мәжбүр. Мұны жай ғана жағымсыз оқиға емес деп санаймыз. Мәселе үш кішкентай баланың қауіпсіздігі туралы болып отыр. Енді бөтен ер адам пәтерге қалай кірді?" – деді сіңлісі.
Мадинаның көкейінде осы жағдайға қатысты көптеген сұрақ пен күдік қалған. Ол бейтаныс адамның неліктен дәл осы пәтердің ішінен табылғанын, оның мұндай күйде пәтерде не істеп жүргенін және балалардың жанында не себепті болғанын түсінгісі келеді.
Сондай-ақ сіңлісі әлгі адамның әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріле ме, оқиғаның барлық мән-жайы толық әрі жан-жақты тергеліп жатыр ма деген алаңдаушылығын білдіреді.
Ешқандай негізсіз қорытынды жасап, тергеу әлі анықтамаған нәрсе үшін бұл адамды айыптағым келмейді. Алайда болған жағдайдың мән-жайы өте маңызды әрі күрделі сұрақтар туындатады. Астана полициясынан болған оқиғаны мұқият тексеріп, пәтерге кіру жағдайларының барлығын анықтап, осы адамның әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беруді сұраймыз. Әсіресе пәтерде үш кәмелетке толмаған баланың болғанына назар аударуды сұраймыз
Полицияның редакцияға берген жауабына сәйкес, пәтерде бөгде ер адамның болғаны туралы хабарлама полицияға келіп түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барған.
"Тексеру барысында оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мас күйінде көршілес пәтерге кіріп кеткен. Балалар арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", - деп жауап берді Астана полиция департаменті.
Ер адам мас күйінде пәтерді шатастырып кірген. Кейін оның осы үйдің жоғары қабатында тұратыны белгілі болды.
Қаз
Рус






