Павлодарда автокөліктердің айналарын ұрлаған адам ұсталды

289
Павлодарда Lexus автокөліктерінің   айналарын ұрлаумен айналысқан ер адам ұсталды деп хабарлайды  "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бірінші өтініш полицияға 16 қыркүйекте келіп түсті. Академик Шөкин көшесіндегі үйдің ауласында түнгіге тұрақтаған Lexus ES-250 маркалы автокөліктен бүйір айналары ұрланған. Шығын 270 мың теңгені құрады. Екі күн ішінде полицияға тағы осындай 5 өтініш түсті. "Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері автокөліктен ұрлық жасаған күдіктіні анықтап, ұстады. Ол аймақтағы зауыттардың бірінде жұмыс істейтін 30 жастағы павлодарлық болып шықты. Негізінен ол тек Lexus маркалы көліктерден бүйірлік айналарды ұрлап, оларды жертөлесіне жинай берген. Әр айнаға қай көліктен ұрланғанын жазып қойған. Ұсталған азаматтың өзі Lexus автокөлігінің иесі", – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов. 
Ұсталған азамат тұратын үйдің жертөлесінде полицейлер жеті жұп бүйірлік айнаны тәркіледі. Ер адам бұл қылмыстарды қызығушылық үшін ғана жасағанын түсіндірді. Барлық фактілер бойынша Қылмыыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.