Қызылордалықтарды мезі қылған - кептеліс

834
Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата көшесі мен Жаппасбай батыр көшесінің қиылысында орналасқан тесік көпір тұсында болатын кептеліс халықтың жүйкесін жұқартты деп- хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Күнде таңертең  қала көшелеріне сан мыңдаған көліктер ағылады. Барлығы бір- бірін танитын кішкентай ғана қалаға кептеліс деген құбылыс жат нәрсе. Алайда, Қорқыт ата- Жаппасбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан көпір маңындағы кептеліс түйіні шешілмейтін мәселеге айналғандай.

Көлік кептелісі азаңғы, түскі және кешкі уақыттарда белең алады. Осы уақыттарда қоғамдық көліктердің ішінде адам лық толы. Таңертең барлығы оқуға, жұмысқа асықса, кешкі уақыттарда үйлеріне асығады. Ешбір жан жолынан қалғысы келмейтіндігі тағы бар, қоғамдық көлікке аузы - мұрнына шыққанынша тиеліп алатындығы да, ақиқат. Солай ауа жетер жетпестей тиелген көліктер ең аз деген 20 минут кептелісте тұрады. Жүйкесі жұқарған жүргізуші аузына келген былапыт сөздерін айтып жатса, енді бірі жаға жыртысып, жұдырық ала жүгіретіндердің де қатары азаяр емес. Ал қоғамдық көлікте тұрғандар әрі тұр, бері тұр деп, жоқ жерден дау шығарады. Осылайша  ашулы жүргізушілер мен шаршаған жолаушылардың аймағына айналған бұл көшенің дауы бітер емес.

Осы бағыттарда жүретін көлік жүргізушілерінің ажырамас бөлшегіне айналған  кептелістен, шығар жол қайсы? Жол қозғалысы түгілі, жаяу жүргіншінің жүрер жүрмесі жүйткіген көліктер «шопырының» қас қабағында. Расымен, бұлай дейтініміз көлік қимылына мұрша берген де жолаушыға жақ аштыруға мұрша жоқ. Бұл жағдайдың жақын арада өзгере қоятынына үміт аз.

Себебі, көлік кептелісі күн сайын артуда. Кішігірім жол апаттары да осы маңдағы кептеліс уақытында орын алады. Оған себеп көлік тығыз орналасқан жолда жүру қауіпті, әрі ыңғайсыз. Сонымен қатар қаншама уақыт кептелісте тұрған көліктер тездетіп осы аймақтан шығып кетуге асығып, бір - бірлеріне жол бермей, қауіп тудырады. Осы мәселе бойынша Қызылорда қаласы полиция басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, аталған қиылыста   көлік құралдары қозғалысының өткізу тиімділігін арттыру бағытында оң жақты құлама арналы қиылыс орналастыру жөнінде қала әкімдігіне 2020 жылдан бері бірнеше мәрте ұсыныстар жолдаған, алайда «Қызылорда қалалық тұрғын- үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі  ұсыныстар назарға алынғанын, алайда аталған жұмыстар қаражат мүмкіншілігіне қарай жасалады деп, жылы жауып қоюда.

Сонда халықты мезі қылған бұл кептелістің жырына бөлінген қаражат қайда кетті? Айтуларынша, жылда мәселесі бітпейтін жолды жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Қай бағыттағы жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілгенін құжатсыз айта алмайтынын алға тартты.

Яғни, жолды жөндеу жұмыстары қашан және қалай жасалғаны белгісіз... Алайда, жыл сайын шұқыр тесік жолдарға арыз айтушылар да азаяр емес. Осыдан туындайтын ой, расымен миллиондаған қаражаттар жол жөндеуге жұмсалды ма немесе әлде кімдер қалталарына басып қалады ма? Әкімдікпен байланысқанымызда, «аталмыш мәселені шешу үшін  екі бағдаршам орнату керектігін айтып, оған 20 миллион қаражат қажеттігін алға тартты». Яғни, бір бағдаршам 10 миллион тұрады дегенге сенейін  десек, ол алтыннан жасалмайтыны айдан анық. Ғаламторда бағдаршам бағалары 150 мың теңге мен 500 000 мың теңге аралығында екендігіне көз жүгірттік.

Демек, ауыздарын қомағайланып ашып үйренген шенділер, бұл түйіні шешілмеген мәселеден де өз үлестерін еншілеуге дайын отырған секілді.

Халықтың алтындай уақытымен қатар, жүйке жүйесіне  де   залал келтірген бұл мәселенің шешімі не болмақ. Ғалымдар зерттеуінше кептелісте ұзақ тұру өкпе ауруларының туындауына әкеліп соғады деседі.

Осындай кішігірім жағдайлар үлкен жәйттарға әкеліп соқтыратынын кейде байқамаймыз. Әкімдіктегілер орталық көшелермен жүргендіктен, қаланың шет жағындағы халық жағдайынан бейхабар.

Қазіргі таңда, полиция басқармасы тарапынан аталған қиылыста жол кептелістерін болдырмау мақсатында тәуліктің үш мезгілінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жұмыс жасауда. Амал нешік, қолда барға қанағат. Қара халықтың айқайын естір құлақ болса игі.
 
 
 
 
ТОМИРИС