Қазақстанда ит-мысықтарды чиптеу міндеттелмек

513

Елімізде 2023 жылдан бастап үй жануарларын тіркеуден өткізу міндеттелмек. Ит-мысықтарды тіркеу чиптеу арқылы жүргізіледі - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.


Үй жануарларын чиптеу қалай жүзеге асырылады?
Алматылық “Атлас” ветеринарлық емхананың мамандары үй жануарларын тіркеу, яғни, чиптеудің ине салу арқылы жүзеге асатынын айтады. Чип жануардың мойын мен арқасы тұсының ортасына енгізіледі. Ветеринарлардың сөзінше, чип ит-мысықтардың қозғалысына кедергі келтірмейді. 
“Үй жануарлары мұны сезбей де қалады әрі қозғалыс кезінде ыңғайсыздық тудырмайды. Микрочипте жануар туралы барлық дерек сақталады. 15 саннан тұратын тіркеу нөмірімен екпелер және айрықша белгілері жайлы, дерттерінің тарихы туралы мәліметтерді оқуға болады. Сәйкестендіру арнайы сканер арқылы жүзеге асырылады. Жануар чиптелген соң чиптің штрих-коды ветеринарлық паспортқа жабыстырылады және қажет жағдайда 2-3 штрих-код артық беріледі. Дегенмен бұл чип арқылы жануардың жүріс-тұрысын бақылап тұра аласыз деген сөз емес. Себебі чипте ондай деректер болмайды”, – дейді ветеринариялық емхана қызметкері.
Ол чиптеу көп уақытты алмайтынын, ары кетсе, 10 минутқа созылатынын атап өтті. Айтуынша, чип енгізілген үй жануарын ветеринардың қарауында қалдыру міндетті емес. 
Чипті енгізген соң, үй жануарлары туралы ақпарат ветеринарлық бақылау комитеті арқылы ғаламтордағы арнайы деректер базасына енгізіледі. Дегенмен мамандар елімізде жануарлар жайлы ақпарат сақталатын бірыңғай қор жоқтығын тілге тиек етті. 
Чиптеу қызметінің құны қанша? 
Үй жануарларын чиптеу қызметінің құны Алматыда қай емхананы таңдағаныңызға байланысты әркелкі:  2000 теңгеден басталып, 5000 теңгеге дейін жетеді. 
“Чиптеу үшін жануардың өзі және ветеринарлық құжаты болуы міндетті. Егер құжаты болмаса, жаңадан ашу қажет. Бұл үшін қосымша қаржы, шамамен 2000 теңге төлейсіз. Сонымен қатар, чиптеу кезінде құтыруға қарсы екпе салғызу міндетті емес. Бұл екпе мерзіміне байланысты. Егер екпе уақыты чип енгізумен қатар келсе, екпені жануарды тіркеген соң бір күннен кейін салғызған жөн. Жалпы, чиптеу екпе салғызу мерзіміне әсер етпейді”, – дейді “Мастроскин” үй жануарлары емханасының қызметкері. 
Бір айта кетерлігі, қаладағы жануарларға арналған емханалардың қызметкерлері чиптің жетіспеушілігі байқалатынын қосты. Әсіресе, соңғы кездері ит пен мысықтарды тіркейтіндердің қатары көбейген. 
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар үй жануарларын өз қаражаты есебінен міндетті есепке тұрғызуы керек екені айтылған болатын. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова мәлімдеді. Оның сөзінше, үй жануарларын міндетті есепке алу 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізіледі. Егер Үй жануарларын ұстайтындар қазақстандықтар енді оларды тіркеуге тұрғызуы тиіс. Тіркелмеген жағдайда үй жануарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 
"Заң жобасы үй жануарлары иелерінің қаражаты есебінен ақылы негізде есепке алу құралын қолдану арқылы үй жануарларын міндетті есепке алуды енгізеді. Оны жоспарлы іске асыру және үй жануарларын есепке алуды жүзеге асыратын ұйымдарға, сондай-ақ олардың иелеріне біржолғы жаппай жүктемені болдырмау мақсатында заң жобасында үй жануарларын міндетті есепке алуды кейінге қалдыру нормасы көзделген", – деді ол.