Теңгеге сырттан қысым өте көп

413

Қазақстанда доллар арзандағанымен азық-түліктің бағасы түспей тұр. АҚШ валютасы 510 теңгеге жеткен кезде тауарларының құнын бірден көтерген кәсіпкерлер, қазір оны төмендетуге асығар емес, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп. 

Теңге күшейгеннен халыққа пайда жоқ деген жұрт, өзімізде өндірілетін заттар да аспандап барады дейді. Тіпті, бағасы екі есеге көтерілген қанттың өзін таппай жүргендерін айтады.

Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, тауар өндірушілер оның бағасын түсіруге асықпайтыны орынды дейді. Өйткені, теңгенің күшейгеніне және ұлттық валютаның осыдан кейін тағы нығайып, долларды әлсіретеді дегенге сену қиын екен. Оның үстіне дистрибютерлер жеткізетін тауарлардың транзиттік жолы ұзарған. Ол да оның құнына әсер етеді дейді экономист. Бірақ, төл валютаның кез келген уақытта құлдырауы - басты себеп екен.


“Теңгемізге негізі ұзақ мерзімде сырттан қысым өте көп. Геосаяси жағдайлар ол бір. Соғыс қазір бітейін деп тұрған жоқ ол екі. Одан кейін үшінші мәселе, доллардың өзінің құны әлемдік деңгейде артып келе жатқан жағдайы бар. Осы тұрғылардан қарайтын болсақ, теңгемізге бәрібір қысым түседі”, – дейді экономист Мақсат Халық.


Маманның айтуынша, егер теңге дәл осы бағамды кем дегенде үш ай ұстап тұрса, онда қымбаттаған азық-түлік бағасы аз да болса түсуі мүмкін. Бірақ, бұрынғы деңгейге дейін төмендемейді екен. Өйткені, импортталатын тауарлардың жеткізілу жолы ұзартылады. Ал, шикізаты шетелден келетін отандық тауарлардың құны да теңгенің тұрақтылығына байланысты дейді экономист.