Н.Нәлібаев: су жүйесі, жылуэлектрорталығы, электр тарату компаниялары жекешелендірілмейді
Қызылорда облысының әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Мәшбекұлы су жүйесі, жылуэлектрорталығы, электр тарату компаниялары жекешелендірілмейтінін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өтті. Жиынға бірқатар министрлер мен барлық өңірдің әкімдері қатысты.
Жиында Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын қайта қарау жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Қызылорда облысы бойынша жекешелендірудің Кешенді жоспарына сәйкес бәсекелестік ортаға беруге жататын 13 нысан енгізілген, оның ішінде 9 коммуналдық меншік объектісі және 4 «Байқоңыр» ӘКК акционерлік қоғамының ұйымы. Өткен жылы сауда-саттыққа 9 объект көзделіп, 3 нысан сатылды. 6 нысан үш реттен тендерге шығарылып, өтінімдердің болмауына байланысты сауда-саттықтар өткізілмеді деп танылған.
Облыс әкімі комиссия отырысынан кейін басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне бұл бағытта жұмыстарды айқындап, тиісті деңгейде жұмысты үйлестіру қажет екенін ескертті. Сондай-ақ, маңызды нысандар жекешелендірілмейтінін баса айтты.
Айта кетейік, комиссия отырысының қорытындысымен Жекешелендірудің кешенді жоспарына ұсынылған түзетулер қаралып, аймақтағы 4 нысанды жекешелендіру тізбесінен алып тастау мақұлданды.