ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ 25 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕДІ

294
Осы жылдың 6 айында алаяқтыққа қатысы бар 516 қылмыстық іс тіркелген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Ал интернет алаяқтық бойынша 255 қылмыстық іс анықталып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. 
Дегенмен жалпы қылмыстық іс өткен жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға азайса, интернет алаяқтық 25 пайызға төмендеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Савлябеков мәлімдеді. 

- Бүгінде интернет арқылы өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындардың есеп-шот номерін немесе құпия деректерін сұрау арқылы сан соқтырып кетуде. Одан бөлек, ұялы телефонға хабарласып жалған ақпарат тарату арқылы ақша дәмететіндер көбейген. Осыған байланысты жыл көлемінде полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шараларды  жүргізетін болады. Облыс тұрғындарына айтарымыз күмәнді ұтыс ойындарына қатысуға, интернет арқылы жүргізілетін сауда-саттықта барынша абай болуға шақырамыз, - деді Бауыржан Савлябеков.

Соңғы кездері мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты жеңіл жолмен алып беруге уәде берушілер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай  қаптап кетті. Сала мамандары жеке адамның сыртынан қаржы алып бере алмайтынын айтып, алаяқтардың арбауына алданып қалмауға шақырды.

- Әрбір қатысушы «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқу үшін порталға тіркелгеннен кейін автоматты түрде белгіленген санаттарға сәйкестігі тексеріледі. Онлайн оқуда қатысушының алған білімін анықтау үшін аралық тестілеуден өткізіледі. Ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант беру шарттарына өзгерістер енгізілуде. Ережесі шілде айының соңына дейін бекітілуі мүмкін. Биыл мемлекеттік грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Қатысушылар алаяқтардың арбауына түспеу мақсатында мемлекеттік грант беру процесі электронды түрде өтеді, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.


- Қазіргі таңда алаяқтардың басым көпшілігі қайтарымсыз қаржы жөнінде жалған ақпарат тарату арқылы тұрғындарды алдап кетуде. Бұл тұрғыда адамдарда дұрыс түсінік қалыптасуы керек. Мемлекеттен берілетін барлық қаржының жауапкершілігі бар екенін ұмытпау керек. Тиісті келісім шартқа отырғаннан кейін оны орындайтын арнайы міндеттер бар. Айта кетейін, «Атамекен» ҰКП ешқандай грант бермейді. Дегенмен, мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін 2 грант бар. Оның бірі «Еңбек» бағдарламасы арқылы берілсе, екіншісі инновациялық грант, - деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Гаухар Елеусінова.