ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНЫҢ ҮЗДІКСІЗ ӨТУІ МЕН КӨППӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ФОРМАСЫН ҚҰРУ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ

110
Жылу беру маусымының үздіксіз өтуі мен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасын құру бойынша мәжіліс өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысының алдағы жылу беру маусымын іркіліссіз өткізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында бүгін облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтің төрағалығымен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасы мәселелері бойынша жиын өтті. Мәжіліске аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары мен коммуналдық мекеме басшылары қатысты.
Қазіргі таңда тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар мен әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылу беру маусымына дайындығы бекітілген кестеге сәйкес жүруде. Тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен, газбен, сумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары 67%-ға орындалды.
Әлеуметтік нысандар бойынша орындалуы - 40% (автономды қазандықтарды жөндеу, мектеп және балабақшалардың ағымдағы және күрделі жөндеулері, т.б.). Биыл 23 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, іске асуда.

Қала және аудан әкімдіктерінің жоспарларына сәйкес әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында 34 мың тонна, тұрғындарға 142 мың тонна көмір отыны қажет. Нақты бүгінгі күнге жеткізілгені: тұрғындарға 3,5 мың тонна, әлеуметтік салаға 1,1 мың тонна.
Мархабат Жайымбетұлы қала, аудан әкімдеріне, сала басшыларына алдағы жылу беру маусымында көмір тапшылығын болдырмау мақсатында қазірден бастап тиісті жұмыстарды атқаруды, сондай-ақ, облыс көлемінде көмір отынының бағасын тұрақты ұстап тұру үшін қала және аудан әкімдіктерімен меморандумдар жасап, халықтың көмірді кедергісіз сатып алуын және қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Сонымен бірге, облыс тұрғындары да алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына қазірден бастап қамданғаны жөн деп ескертті.
Жауапты басшыларға мекемелер 1 қазанда күзгі-қысқы мезгілге дайындық паспортын алып, толық дайын болу қажеттілігі ескертілді.
Жиында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасын құру мәселесі талқыланды.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Мүлік иелерінің бірлестігі» институтын енгізу туралы тапсырмасына орай облыстағы 913 көпқабатты тұрғын үй толығымен басқарудың жаңа формасымен құрылды. Оның ішінде 12 меншік иелерінің бірлестігі және 901 жәй серіктестік.
Осы мақсатта облыс бойынша басқарудың жаңа нысандарына қатысты нормативтік құқықтық актілерін бекіту және ақпараттандыруға арналған іс-шара жоспары бекітілді.
Енді облыс тұрғындары да көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасына, яғни «Мүлік иелерінің бірлестігі» мен «Жәй серіктестікке» көшулері қажет.