Нұрқаділовтің ісін қайта қараудан Тоқаев НЕГЕ бас тартты?

423

Президент әкімшілігі Қайрат Нұрқаділовтің Қ.Тоқаевқа жолдаған хатын Бас прокуратураға қайтарды. Бас прокуратураның жауабы белгілі: бұл – суицид. Нұрқаділовтің ісін қайта қараудан Тоқаев неге бас тартты? 


Қайрат Нұрқаділов өтініш хатты президенттің міндетті түрде қарайтынына сенген. Өйткені «Жаңа Қазақстан құрамыз!» деп ұрандатқан билік әділеттілік орнатуға білек сыбана кіріскен-ді.
Алайда, саясаткер, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өлімінің ақиқатын ашуға асықпайтын сыңайлы. З.Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атты дегенге ешкім сенбейді. Халық мұның саяси тапсырыспен жасалған қастандық екенін баяғыда-ақ ұғып қойған.

Бұл істі соңына дейін жеткіземін деп бекінген Қайрат Нұрқаділовке Бас прокуратура іс қайта қарауға жатпайтынын мәлімдеп, арызын қайтарып жіберген. Бас прокуратура бұл өлімнің «суицид» екеніне сенетіндей түр танытып отыр. 


Қайрат Нұрқаділов бүгін NEGE тілшісіне, әкесі Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты істі қайта қарау жөніндегі хатты Президент Әкімшілігі қараусыз қалдырғанын хабарлады.


Қ.Нұрқаділов жолдаған хат 2022 жылдың 7 шілдесінде тіркелген. 

 
Президент Әкімшілігі хатпен танысып, бір аптадан кейін – 2022 жылдың 15 шілдесінде уәкілетті әкімшілік органға, яғни Бас прокуратураға қайта жолдаған. 

Бас прокуратураның жауабы белгілі. Ақырында хат тағы да нәтижесіз қалды.

«Бас прокуратура Сіздің Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне келіп түскен «әкеңіздің өлімі бойынша қылмыстық істің тоқтауына келіспеу туралы» өтінішіңізді қарады. Сіз келтірген дәлелдер бұған дейін қаралған, сонымен қатар Бас прокуратура басшылығының жеке қабылдауында толық жауап берілген. Сіздің ешқандай жаңа дәлелдер келтірмегеніңізді, істің мән-жайы өзгермегенін ескере отырып, Сіздің өтінішіңіз бойынша шаралар қабылдауға негіз жоқ», – деген жауап келген Бас прокуратурадан.

 

Қайрат Нұрқаділов NEGE тілшісінің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

– Тоқаев істі қайта қарауға не себепті пәрмен бермеді деп ойлайсыз?


– Мен бірінші хатымды Бас прокуратураға жібердім ғой. Сол кезде прокурор Тоқаевқа кіріп, сөйлескен шығар. Сол кезде Тоқаев рұқсат етпеген болуы керек. Президент Әкімшілігі осы жолы хатты Бас прокуратураға жолдап отыр. Бір рет «жоқ» деп қайтарып жіберген істі, екінші рет қайтадан президентке кіргізген жоқ деп ойлаймын. Тоқаев менің мәселемді жақсы біліп отыр. 


– Президент әкеңіздің өліміне қатысты істі ашудан қорқып отыр деп ойлайсыз ба?


– Жоқ, Тоқаев істі қайта қараудан қорқып отырған жоқ. Қазір Назарбаев бар. Ақыл-есі орнында, шапқылап жүр. 


– Енді қалай әділдікке қол жеткізесіз, жоспарыңыз қандай?


– Екі рет менің өтінішімді қайтарып жіберді. Енді күтуден басқа амал жоқ. Күз айы келсін. Қазір жаз мезгілі, барлығы еңбек демалысында жүр. Күзі айында бір реті табылар деп ойлаймын. Бәрі түсінікті.