Қызылордада сол жағалауда берілген жаңа үйлердің кәріз жүйесі сын көтермеуде

3 510
Қызылорда қаласының сол жағалауына берілген көпқабатты пәтер иелері  кәріз жүйесінің жиі толып кетуіне наразылық білдіруде, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

 

Баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға арналған үйлер салынып, кілттері табысталғаны сыр жұртшылығын қуантқан жақсы жаңалықтардың бірі болғаны рас. Ол туралы біз де сүйіншілеп жазып келеміз. Бірақ қоныстойын тойлап, жайғасқан қызылордалық отбасылардың кейбірінің қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені былтыр қоныстанған бірнеше отбасы су жаңа үйлердің кәріз жүйесі мен кәріз құдықтарының толып кеткенін айтуда.

Сырдың сол жағалауынан бой көтерген келісті үйлердің келбеті көз жанарыңды алғанымен кемшін тұстары жетерлік деген тұрғындар кәріз құдығы толып кеткендігін айтып шағымдануда.

«Осы берілген жаңа үйлердің кәріз құдығы тез толып кеткеніне таңым бар. Енді қаншама тұрғын бар, соның өзінде барлық 4 квартал бойынша толып кетуіне не себеп? Жағымсыз иістен арыла алмай отырмыз.» -  дейді, Айша.

 
Сол жағалауда орналасқан 4 квартал бойынша берілген үйлердің басым көпшілігі кәріз құдығының лас суы сыртқа ағып жатқандығын жеткізуде.
 
«Осы 4 кварталдың бойындағы 6 үйдің тұрғынымын. Жаңа үй болса да қаншама адам тұрып жатыр. Енді сол кәріз құдығымызды тазалап берсе екен», - дейді Әсия.

 
Ал, кәріз жүйесіне жауапты «Қызылорда Су жүйесі» мекемесінің маманы

«Мемлекет тарапынан берілген сол жағалаудағы квартал бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер біздің мекеме балансына өтпеген. Сондықтан кәріз құдығын  тазалау біздің құзіретімізге жатпайды,»-деп хабарлаған болатын.

 
Расында, мемлекет тарапынан берілген үйлер әлі күнге дейін тиісті сала мамандары бойынша құзіреттілігіне өтпегендігіне не себеп? Осы орайда,  «Мемлекет берген үйдің бүгінгі жағдайы қандай?» атты мақаламыз жарық көрген болатын. Өзекті мәселе өз дәрежесінде шешімін тапса екен дейміз.