Жұмысшылар мінген автобус жол бойында аударылып қалған
302
Ақтөбеге жақын жерде автобус аударылып, ішіндегі жұмысшылардың бірнешеуі ауруханаға түсті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі
Жол апаты кеше сағат 09:00-де Самара-Шымкент тасжолында Хромтау қаласы маңында болған. Автобустағы жұмысшылардың барлығы күзет компаниясының қызметкерлері.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Neoplan" маркалы автобус аударылып қалған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінен 22 қызметкер мен 4 техника жіберілді. Сонымен бірге медициналық орталық пен полиция, жедел жәрдем қызметі де жетті.
"Оқиға орнына облыстық ТЖД-нің бастығы Марғұлан Аманбаев пен Өрт сөндіру қызметінің бастығы А.Қадыров кетті. Алдын ала түскен мәлімет бойынша автобус ішінде 55 адам болған. Оның 14-і жараланған," – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Хромтау аудандық ауруханасының бас дәрігері Мақсат Серғазиннің айтуынша, автобустағы 34 адам емдеу мекемесіне жеткізілді. Оның екеуі – интенсивті терапия, 10 адам – хирургия, екеуі гинекология бөлімдеріне жатқызылды. Қалғандарын дәрігерлер әлі де тексеріп жатыр.
"Жарақат алған адамдарды қарап болған соң үйіне жібереміз немесе бөлімдерге бөлеміз. Жолаушылар түрлі жарақат алған. Сүйегі сынғандар, бас-ми жарақатын алғандар бар. Ем-дом жасау үшін дәрі-дәрмек, қажеттінің бәрі бар. Оларды өзімізде емдейміз," – деді Мақсат Серғазин.