«Қайрат» өз алаңында «Ордабасыны» жеңді
Алматылық «Қайрат» Қазақстан Премьер-лигасының 19-туры аясында өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Алматының Орталық стадионында өткен кездесудің алғашқы таймында алаң иелері басымдық танытқан. Матчтың 14-минутында шабуылшы Марк Гуаль баспен дәл соққы жасап, есеп ашты.
Алматы полициясы «Қайрат» – «Ордабасы» матчы алдында маңызды мәлімдеме жасады
Екінші таймда «Ордабасы» шабуылын үдете түскен. Дегенмен ойынның 87-минутында Ойва Юккола алыстан тепкен добымен «Қайраттың» басымдығын еселей түсті. Қонақтар қосымша уақытта Берн Йонсеннің голы арқылы есеп айырмасын қысқартқанымен, матч тағдырына әсер ете алмаған.
Осылайша кездесу 2:1 есебімен алматылық клубтың пайдасына аяқталды.
«Қайрат» – «Ордабасы» ойынында саяси партияның туымен алаңға жүгіріп шыққан жанкүйерге іс қозғалды
Осы ойыннан кейін «Қайрат» 44 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде жеке-дара көш бастады. Ал 42 ұпайы бар «Ордабасы» екінші орынға сырғыды. Айта кетейік, шымкенттік клубтың қоржынында әлі бір қосалқы ойын бар.
Еске сала кетейік, бүгінде Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарына қатысып жатқан алматылық «Қайрат» екінші турдың алғашқы матчында Кипрдің «Омония» командасына 1:0 есебімен есе жіберген.







