Жәнібек Әлімханұлы: "Мені ақша қызықтырмайды"

2 502

Фото: tengrisport.kzЖеңілмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпионы Хамза Ширазбен жекпе-жек үшін берілетін қаржатқа қатысты пікір білдіріп, алдағы жоспарларын бөлісті, - деп хабарлайды  Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Жәнібек Әлімханұлы өзінің әлеуметтік желілерінде WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Хамза Ширазбен болатын кездесуден тек титул керек екенін айтты.

Қазақстандықтың айтуынша, оны ақша да, британдықпен жұдырықтасу да қызықтырмайды. Әлімханұлы Шираздың титулдан бас тарту нұсқасын да қабылдауға дайын. Мұның бәрі оған аты аңызға айналған мексикалық боксшы Сауль Альвареспен жекпе-жек өткізу үшін қажет. 

"Мені ақша қызықтырмайтынын бәрі біледі. Мен дайынмын! Сондай-ақ оның титулдан бас тартқаны туралы жаңалықты көруге де әзірмін. Маған тек осы титул керек. Одан кейін Канеломен титулдарды біріктіруім қажет. Осы ғана", - деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желіде.

Әлімханұлы - Шираз: WBO белбеуі үшін жекпе-жек

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының екінші орта салмақтағы WBO белбеуіне міндетті үміткер атанғаны белгілі болған еді. Қазір бұл титул британдық Хамза Ширазға тиесілі.

Бұған дейін қос тарапқа келіссөз жүргізу үшін 20 күн берілген болатын, алайда тараптар ортақ мәмілеге келе алмағандықтан, ұйым промоутерлік сауда рәсіміне көшті. Хамза Шираздың мүддесін қорғайтын Queensberry Promotions промоутерлік компаниясы жекпе-жекті ұйымдастыру құқығына ие болу үшін өткен бәсекеде жеңіске жетті.

Британдық тараптың ұсынған сомасы 1 миллион доллардан сәл асты (1 001 809 доллар – 448 миллион теңге), бұл Top Rank компаниясының (Әлімханұлының промоутері) 820 мың долларлық (367 миллион теңге) ұсынысынан асып түсті.Келіссөз қорытындысы бойынша, чемпион жүлде қорының 75 пайызын (шамамен 751 мың доллар), ал үміткер 25 пайызын (шамамен 250 мың доллар) иеленеді.

Жекпе-жекті өткізуге ұсынылған мерзімдер – 2026 жылдың 28 қарашасы немесе 5 желтоқсаны. Өткізілуі мүмкін орындар ретінде Лондон, Бирмингем (Англия) немесе Нью-Йорк (АҚШ) қалалары аталды.    

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.