«Түнімен ұйықтамадық»: балабақшаға ваучер беру басталды

2 508

Фото: ©Жасанды интеллект1-ші шілдеден бастап Қазақстанда балабақшаларды ваучерлік қаржыландырудың жаңа кезеңі іске қосылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі 

Әлеуметтік желілерде ата-аналардың «ваучерді қалай аламыз?», «кезегіміздің келгенін қайдан білеміз?», «жекеменшік балабақша арзандай ма?» деген сұрақтары көбейген. Жаңа жүйенің мақсаты – ата-аналарға балабақша таңдау еркіндігін беру және мемлекет бөлетін қаржыны мекемеге емес, балаға бағыттау. Яғни бұрынғыдай белгілі бір балабақшаға кезекке тұрмайсыз. Алдымен бала ваучер кезегіне тұрады. Ваучер берілгеннен кейін ғана ата-ана бос орны бар мемлекеттік немесе жекеменшік балабақшаны өзі таңдай алады. Бұл жүйе бүгінде бірнеше өңірде іске асырылып, енді еліміздің басқа қалалары мен аудандарын да қамтып жатыр.

Ваучер – ата-ананың қолына берілетін ақша емес. Бұл – мемлекет баланың мектепке дейінгі білім алуына қаржы бөлетін электронды сертификат. Қаражат тікелей балабақшаға аударылады. Сондықтан ата-ана ваучерді қолма-қол ақшаға айналдыра алмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін мектепке дейінгі білім беруде ваучерлік қаржыландыруды енгізу арқылы ата-аналарға таңдау мүмкіндігін кеңейту қажет екенін айтқан болатын.

Жаңа жүйеде өтініш арнайы Indigo ақпараттық жүйесі арқылы беріледі. Алгоритм бірнеше кезеңнен тұрады:

- ата-ана баласын электронды кезекке қояды;

- кезегі келген кезде жүйе ваучер ұсынады;

- ваучерді белгіленген мерзімде растау қажет;

- кейін бос орны бар балабақшаны таңдап, шарт жасалады.

Егер ата-ана ваучерді уақытында растамаса, ол күшін жоюы мүмкін. Ал таңдалған балабақшада орын болмаса, бала күту парағында қалып, басқа ұйымды таңдауға мүмкіндік беріледі. Ваучер беру кезінде барлық бала бірдей бір мезетте шақырылмайды. Оның саны жергілікті бюджетке, өңірдегі қажеттілікке және балабақшалардағы бос орындарға байланысты анықталады. Сонымен қатар мемлекет мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдауда 21% жеңілдік санатын белгілеген. Солардың бірі – көпбалалы отбасылардың балалары. Олар ваучер алу кезінде басым құқыққа ие. Сонымен қатар, педагогтердің, медицина қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің және заңнамада белгіленген өзге де әлеуметтік санаттағы азаматтардың балалары кезекте басымдыққа ие болады.

Indigo жүйесіндегі мәлімет бойынша, қазіргі таңда:

- 631 937 адам ваучерге өтініш берген;

- 254 294 балаға ваучер берілген;

- 296 573 бала балабақшаға қабылданған.

Бұл көрсеткіш жаңа жүйеге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.