Қазақстандық медициналық мекемелерге ақпараттық жүйелерді жеткізушілерді таңдауда еркіндік беріледі

72
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында медициналық ақпараттық қызметтер нарығында монополияға қарсы әрекет ету шаралары талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Мәселен, емханалар мен басқа да медициналық ұйымдарға ақпараттық жүйелерді жеткізушілерді таңдауда барынша еркіндік беру тетіктері қаралды. Бұл, қандай да бір компанияның нарықта үстемдік етуінің техникалық мүмкіндіктерін  шектеуді білдіреді. Бүгінгі таңда медициналық мекемелердің таңдауы шектеулі, өйткені жеке компаниялар оларға жинақталған мәліметтер базасын бермеуге құқылы, бұл ауруханаларды сол жеткізушілермен ғана келісімшарт жасауға мәжбүрлейді. 

Сонымен қатар қазіргі уақытта ЦДИАӨМ Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, eHealth мемлекеттік платформасын құру бойынша жұмысты жалғастырып жатқаны, оның шеңберінде қажетті медициналық мәліметтері бар пациенттер туралы бірыңғай дерекқор қалыптастыру жоспарланып отырғаны атап өтілді.


Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері талқыланды.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Осыған байланысты елімізде цифрландыруды тереңдету және денсаулық сақтау саласындағы ақпарат жүйелерін біріктіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл орайда жеке медициналық деректердің таралу қаупін жою өте маңызды саналады.

Бүгінгі таңда пилоттық режимде «eGov mobile» мобильді қосымшасында «eDensaulyq» жаңа бөлімі іске қосылып жатыр, онда халықтың кеңейтілген медициналық деректері, оның ішінде донорлық мәртебесі (тірі кезіндегі), электрондық рецептілер, медициналық қарсы көрсетілімдер туралы мәліметтер, жүктілік бойынша есепке тұру, диспансерлік есепке тұру, ауруханаға жатқызу деректері, вакциналау туралы ақпарат, зертханалық зерттеулер нәтижелері туралы мәліметтер, көрсетілген клиникалық-диагностикалық қызметтер (дәрігердің қабылдауы және т.б.), аурухана парақтары кіреді.

Айта кету керек, қосымшаның бір бөлімінде аталған деректердің жиналуы медициналық көмек көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Ел тұрғындары кез келген уақытта өздерінің медициналық деректеріне қатысты қажетті ақпаратты ала алады.

«Медициналық көмекті одан да қолжетімді ету, үйден шықпай алуға болатын қызметтер тізімін ұлғайтып, олардың сапасын арттыру үшін денсаулық сақтау саласын цифрландыру процестерін жандандыру және тереңдету қажет», — деді А. Көлгінов.


Кеңес қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға құпия медициналық деректерді қорғау керектігін ескере отырып, ақпарат жүйелерін біріктіру және цифрлық медицинаны одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты күшейту тапсырылды.