УӘДЕСІН ЖҰТҚАН БАСШЫЛАР: 20 000 НАУҚАСТЫҢ ТАҒДЫРЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?
Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласында шешімін таппаған өзекті мәселе көп, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кезек күттірмейтін сондай мәселенің бірі – иммуно-химиялық талдау жасайтын аппараттың жоқтығы. Оған қоса емдейтін маманның да жетіспеушілігі көңілге кірбің ұялатады. Бүйрегін ауыстырған азаматтарға ауадай қажет аппарат үшін науқастар елордаға, Шымкент пен Алматыға қатынауға мәжбүр. Бүйрегі сыр берген қаншама науқас осындай шағыммен барлық жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырған. Түріктің сериалдарындай шешімін таппаған мәселе әлі күнге дейін созылып келеді екен. Олардың мәселесіне 2020 жылы сол кездегі аймақ басшысы ден қойып, тиісті тапсырмалар да берген. Алайда нәтижесі жоқ деп налиды науқастар. Жыламаған балаға емшек жоқ деп науқастар өз жанайқайларын айтып жыласа да көмек берер билік пен жанашыр басшыны таппай жанұшыруда. Әлқисса мәселенің жай-жапсарын кеңінен тарқатар болсақ...
Қызылорда облысында зәр шығару жүйесінің ауруымен диспансерлік есепте 20 мың адамдай есепте тұрады, оның ішінде: жалпы гемодиализ алатын науқастар саны-560, 2022 жылы алғаш рет гемодиализге алынған науқастар саны- 56, бүйрек трансплантациясын жасаған науқастар саны-100 астам.
КӨШЕРБАЕВТАН ҮМІТ КӨП ЕДІ...
2016 жылы қыркүйек айында созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастар облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа кіріп: «врач жоқ, ауруларды қарайтын, емдеудің алгоритмі облыста бекітілмеген, анализ жаасайтын аппараттар жоқ, бары дұрыс жұмыс жасамайды, үнемі бұзылып тұрады, ішетін дәрілеріде бір де бар бірде жоқ» екендігін айтып мәселені облыс әкіміне жеткізеді. Сол жерде Көшербаев сол кездесуде болған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Альназароваға нақты тапсырмалар береді.
Содан бірқатар мардымсыз жұмыстар істеледі. Бірақ негізгі мәселелер сол күйі осы күнге дейін қалып келеді.
БАЙҚАДАМОВТЫҢ ЖЕЛГЕ ҰШҚАН СӨЗДЕРІ
Науқастар жасалған жұмыстарға көңілі толмай, басқармадан «Нұротанға» ауысып кеткен Ақмарал Альназарованың есігін сығалап, бірнеше рет мәселемен барады. (Әлеуметтік желілерде де жарияланады)
Оларда түк шешпеген соң, 2019 жылы жандары қиналған науқастар сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовқа барады. Алайда әкім орынбасары құрғақ уәде, жылы сөзбен тағы да шығарып салады. Байқадамов науқастарды сергелдеңге салып, онлайн да офлайн да қабылдап түк шеше алмайды. Сол уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасының жылы креслосына Сәбит Пазылов та жайғасып үлгерген еді.
Күн артынан апта, ай артынан жылдар өтіп жатқанда науқастар дұрыс емнің жоқтығынан, білікті врачтардың жоқтығынан, алгоритмнің жоқтығынан өмірмен қош айтысып, қаншама науқас «өліп» жатты.
ЖОЛ КАРТАСЫ ЖОЛДА ҚАЛДЫ
Жандарына араша іздеген науқастар 2020 жылдың қазан айында сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың онлайн қабылдауында болып, облысымыздағы осы науқастарды медициналық емдеудегі проблемалары мен кемшіліктерін әкімге айтқан болатын. Сол кездесудің нәтижесінде Қызылорда облысының әкімдігі мен Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесе, облысымыздағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарды медициналық емдеудегі қордаланған проблемаларды шешудің және науқастарға көрсетілетін медициналық қызметті дамытудың, оның ішінде такролимус аппаратын сатып алуды көздейтін 16 тармақтан тұратын арнайы Жол картасы жасалынған болатын. Денсаулық сақтау басқармасы атынан әкімнің қабылдауына қатысқан Искаков Олжас Ермекұлы тапсырма алып, мәселені шешеміз деп уәде береді. (видеосы бар) Әкімнен бастап жауапты тұлғалардың барлығы қол қойған құжат сол күйі әрекетсіз қалып, мәселе тағы ушыға түседі.
Облысымыздағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастар бұл «Жол картасының» орындалуынан үлкен үміт күткен болатын. Алайда «жол картасы» жолда қалды....
НАУҚАСТАРДЫҢ ҮМІТІН ҮЗГЕН АХМЕТОВ
Науқастар денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловқа қайта-қайта барса құрғақ уәдемен қайта береді, қайта береді. Тіптен басқарма басшысының ватсап арқылы жазған жазбалары мен уәделері де науқастар арасында кеңінен таралады. Көңілі қалған науқастар 2021 жылы сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметовке онлайн кіріп, мәселені қайта басынан бастайды. (видеосы бар) бұл қабылдаудың соңы да өтірік уәдемен ақталып, үміт үзіледі.
Бір жыл ешнәрсе орындалмаған соң науқастар қайтадан бәрін басынан бастап тиісті мекемелер есігін жағалайды. Болмаған соң 2021 жылы «Хабар» телеарнасына шағымдарын айтып эфирге шығады. (видеосы бар)
ӘРЕКЕТСІЗ «НҰР ОТАН» МЕН ДӘРМЕНСІЗ БАСШЫЛАР
Өлімге араша іздеген жандар тоқтамастан 2021 қараша айында «Нұр отан» партиясының кеңесіне барып, партия өкілі Алтынбек Жарылқасыновқа кіріп, мәселені түсіндіргендей болады. (фотосы бар) Одан соң Ләйлә Турешова да қабылдап мәселені бақылауда ұстайтынын айтады. Алайда партия өз дәрменсіздігін көрсетеді.
2022 жылы ақпанда сол кездегі облыс әкіміне Гүлшара Абдыхалықоваға жиналып, Мира Казбекова, Балжан Шаменова, Сабит Пазыловтың қатысуымен мәселе тағы қаралып, құр уәделер тағы да беріледі. Балжан Шаменова да науқастарды жеке қабылдап, өз ертегісін айтып тағы да шығарып салады.
Науқастар мәселесі одан кейін Облыстық Қоғамдық Кеңесте де қаралып, нақты ұсыныстар беріледі. Тағы да нәтиже болмайды.
НӘЛІБАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫН ЖАУАПТЫ САЛА ӨКІЛДЕРІ «ПЫСҚЫРМАЙДЫ»
Науқастар 2022 жылы 5-тамыз облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауында болады. Әкім жауапты басшыларға қатаң тапсырма береді. (видеосы және фотолар бар) Алайда одан бері де қаншама уақыт өтсе де Нәлібаевтың бірде-бір тапсырмасы орындалмайды. науқастар «ЕГОВ» арқылы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан әкім берген тапсырманың орындауын талап етеді. Жауаптар тағыда құрғақ уәделер мен түсініксіз жазбаларға ұласады.
НАУҚАСТАР ӘЛІ КҮНГЕ ҮМІТІН ҮЗБЕЙ КЕЛЕДІ
Жылдап шешімін таппай келе жатқан аса маңызды мәселенің жай-жапсарын еститін құлақ болса барлық тиісті салаға жеткізілген. Алайда нәтиже жоқ. Облыс бойынша 6 нақты нефролог маман болса олардың 4-уі 60-жастан асып кеткен дәрігерлер. Облысымыздағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастардың басым бөлігі облысымыздың бас нефрологы болып саналатын Л.Н. Нұрсұлтановаға 2020 жылғы пандемия басталғанша қаралып келді, ол кісіге үлкен рахмет қанша науқасты бір өзі қарап келді, одан кейін ол дәрігерге қаралу мүмкін болмай қалды. Ал жас білікті нефрологтар облысқа дайындалып жатқан жоқ, дейді жандарына араша іздеген науқастар.
НАУҚАСТАРДЫ УЗИ АПАРАТЫНА ТҮСІРЕТІН МАМАН ЖОҚ.
Жол картасына сәйкес А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығында оқып келген УЗИ түсіретін маман 60-жастан асып кеткен және 1-айлық оқуда жақсы бүйрек түсіретін маман болу мүмкін емес, сондықтан науқастар УЗИ-ге түсу үшін Алматы және Астана қалаларына өз қаражаттары есебінен қатынап сандалуда.
АУРУХАНАДАН ЕМ АЛУҒА ЖАТУДЫҢ ӨЗ МАШАҚАТЫ ЖЕТЕРЛІК
Облысымыздағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастардың Облыстық медициналық орталыққа (облыстық больницаға) жатуы қиындап кеткен. Бірақ «Қазақстан Республикасының халқына нефрологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» ҚР ДСМ 2013 жылдың 30 желтоқсанындағы №765 бұйрығына сәйкес созылмалы бүйрек жетіспеушілігі және бүйрегі ауыстырып салынған науқастарға жылына 2-рет ауруханаға жатып ем алып тұруы көзделген.
20 000 НАУҚАСТЫҢ ӨМІРІНЕН ОБЛЫС ӘКІМДІГІ АЛДЫНДАҒЫ САЯБАҚ АРТЫҚ ПА?
Жол картасына сәйкес облысымыздағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастардың қанындағы такролимус концентрациясын анықтайтын заманауи аппаратпен жабдықтау 2021 жылдың соңына дейін көзделген болатын, бірақ ол аппарат осы күнге дейін алынған жоқ. Ал облысымыздағы науқастар осы қандағы такролимус концентрациясын анықтау үшін Алматы және Астана қалаларына біраз ақша-қаражаттарын жұмсап сандалуда. Осыған орай Қызылорда облыстық мәслихатының 2022 жылдың 4 мамырындағы №106 шешіміне сәйкес иммунохимиялық анализатор аппаратын сатып алуға 39 млн теңге қаражат бөлінді. Бірақ бұл аппараттың 2020 жылғы бағасы, қазіргі таңда бұл аппарат 80 млн теңге көлемінде тұрады. Мәселе тағы да шешімін таппай қалды.
МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ:
Жергілікті биліктен әбден көңілдері қалған науқастар өз мәселелерін зерделеп, арнайы шешу жолдарын да ұсынуда. Енді дайын шешімді жүзеге асырар жауапты сала басшылары болса...
1.Облысымызға Республикалық медициналық жоғарғы оқу орындарын бітірген кем дегенде 3 жас білімді дәрігер-нефролог мамандарды әр түрлі ынталандыру жолдарымен тарту;
2. Облыстық кеңес беру диагностикалық орталығындағы (ОКБДО) нефрологиялық кабинеттің нефрологын және УДЗ дәрігерін жылына 1-рет біліктіліктерін арттыру мақсатында бір айлық оқуға жіберіп тұру;
3. Жол картасына сәйкес облысымыздағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға кеңес беру мақсатында сырттан жоғары санатты тәжіриебелі дәрігер-нефрологтарды тоқсанына 1-рет шақырып тұру;
4. Жол картасында қарастырылған иммунохимиялық анализатор аппаратының қазіргі таңдағы нарықтық бағаға сәйкес заманауи түрін сатып алу;
5. ҚР ДСМ 2013 жылдың 30 желтоқсанындағы №765 бұйрығына сәйкес Облысымыздағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастардың ауруханаларға жылына кем дегенде 1-рет жатып тұруын қамтамасыз ету;
6. Облысымыздағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастардың әр өлім-жетімділік жағдайын терең талдау жасап, себептерін анықтау.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бір жиналысында денсаулық сақтау басқармасының басшысына «ешнарсе адам өмірінен артық емес, қанша ақша қажет? Бөлейік соған» деп ұрсып жатқанын бәріміз білеміз. Ал мұны науқастар тек көзбояушылық деп санайды. Әйтпесе алдына табандарын тоздырып ашық айтып, көрсеткен мәселенің шешілмеуінен басқа себеп көрмей тұрғандарын айтады. Құрметті басшылар! Сіздер айтыңыздаршы. Облыстағы жиырма маың науқастың тағдырына кім жауапты?