Облыстық дәрігерлер Радиофармацевтикалық препарат арқылы қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтайтын болады
ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығы ауруханасының базасында ядролық медицина орталығы ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Орталықта радиофармпрепараттар өндіріледі, оның көмегімен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі бар. Сондықтан дәрігерлер радиофармацевтикалық препараттарды көбірек өндіру міндетін қойып отыр. Сол арқылы пациенттер ағыны екі есе артып, диагностиканың тиімділігі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Бұған дейін ядролық медицина орталығының мамандары екі радиофармпрепаратты сәтті сынаған еді. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі ядролық медицина орталығының басшыларымен әңгімелесіп, жүргізілген жұмыс, аталған препараттардың қаупі мен мүмкіндіктері туралы анықтап білген еді.
Өткен жылы желтоқсанда Президент Іс Басқармасына қарасты Ядролық медицина орталығында онкологияны емдеуге және оны ерте кезеңде анықтауға арналған препарат өндірілген еді.
«Еліміз Тәуелсіздік алған күні өздеріңізбен Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының 4 жыл бойы жасаған еңбегінің нәтижесін бөліскелі отырмын. Қазір ғана ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы базасында ашылғанына көп уақыт болмаған Ядролық медицина орталығының циклотронды-өндірістік кешені базасында онкологиялық пациенттерге ПЭТ/КТ зерттеу жүргізу үшін 18-фтородезоксиглюкоза (18F-FDG) алғашқы радиофармацевтикалық препарат өндірілді. 2026 жылға дейін өндіріске 9 радиофармпрепаратты енгізу жоспарланған болатын, оның 8-і Қазақстанда алғаш рет өндірілетін болады. 2023 жылы келесі жаңа 3 РФДП өндіріске енгізіледі: 18F-NaF, 11C-MET, 18F-DOPA. Бұл онкологиялық аурулармен ауыратын пациенттер үшін диагностикалық зерттеулер спектрін кеңейтуге және шет елдерге бармай-ақ өз елімізде осы препараттармен ПЭТ/КТ зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді», - деп жазды ҚР Президенті Іс Басқармасының медицина орталығының басшысы Алексей Цой әлеуметтік желідегі парақшасында.
Араға үш ай салыпПрезидент Іс Басқармасы Медициналық орталығының дәрігерлері кезекті қуанышты жаңалықтарын бөлісті. Ядролық медицина орталығының базасында сүйек тініндегі метастаздың барлық түрлерін, сондай-ақ сүйек тіндеріндегі ісіктерді диагностикалау үшін 18F-NaF (натрий фториді) екінші радиофармацевтикалық препарат сәтті шығарылды. Оның көмегімен дертті ерте анықтауға болады.
Президент іс басқарушысы Айбек Дәдебаевтың айтуынша, алдын ала валидациялық іс-шаралар өткізілді. Яғни, мамандар жаңа препараттың GMP (тиісті өндірістік практика) талаптарына, сондай-ақ жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетініне көз жеткізді.
ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығының басшысы Алексей Цой екінші радиофармацевтикалық дәрілік препаратты - 18F-NaF өндіріске енгізу ауруларды ерте сатысында диагностикалау саласындағы маңызды қадам екенін айтты.
Біздің аурухананың ядролық медицина орталығы еліміздегі ең жаңа әрі жоғары технологиялық өндірістік және медициналық жабдықтардың мүмкіндіктерін, сондай-ақ радиоизотоптық диагностика және ұлт денсаулығын жақсарту үшін радиофармпрепараттар өндіру саласындағы жетекші мамандардың тәжірибесін біріктіретін маңызды жобаны іске асырды. Биыл маусымда үшінші радиофармпрепаратты шығару жоспарлануда, бұл диагностикалық зерттеулердің мүмкіндігін едәуір кеңейтеді. Біз бұл препаратты ел аумағында өндіріске алғаш енгізгендердің бірі болып отырмыз. ҚР ПІБ МО ядролық медицина орталығын кезекті жетістігімен құттықтаймын! Барлық қызметкерлерге қажырлы еңбектері үшін алғыс білдіремін!, - деді Алексей Цой.
Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова екі радиофармпрепаратты табысты өндіру медицинаға не беретінін түсіндірді.
«Алғашқы радиофармпрепаратты енгізу18-фтородезоксиглюкоза (18F-FDG) өткен жылдың желтоқсан айында өтті. Сол сәттен бастап 57-ден астам синтез жүргізілді. Ол не берді? Біріншіден, күту кезегі қысқарды. Яғни, бізде препараттың үлкен көлемі болған кезде өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік туды. Біз тек өндіріп қана қоймай, ауруларды диагностикалаумен де айналысамыз. Радиофармпрепаратты ірі көлемде өндіру күніне екі есе көп пациентті қабылдауға мүмкіндік береді. Пациенттер ПЭТ / КТ диагностикадан өтуде ұсынсонар кезек күту қажет екенін айтып шағымданады. Бұрын пациенттер 6 айлап күтсе, енді ол рәсім 4 айға азайды», - деп түсіндірді ядролық медицина орталығының басшысы.
Ядролық медицина орталығында 18F-NaF радиофармпрепаратын алған пациентпен тілдесудің сәті түсті. Оның сүйегінде сүт безі қатерлі ісігінің метастаздары бар-жоғы тексерілген екен.
«Дәрігерлер екі жылдан бері сүт безі қатерлі ісігі диагнозын қойды. Метастаз сүйекке өтіп кеткен екен. Мені осында тексеруге жіберді. Қайта химиотерапия және мақсатты терапия алдым. Бұрын ядролық медицина орталығының жеке ғимараты болмаған кезде бір палатада 5-6 адам жататын. Қазір зерттеу жаңа ғимаратта жүргізілуде. Әр науқас жеке палатада жатыр. Медбике қыздар бізді қарсы алып, шығарып салады. Барлық жағдай жасалған, маған өте ұнады. Бізді радиацияға тексеретіні айтылды. Маған жүкті әйелдермен және 6 жасқа дейінгі балалармен біраз уақыт байланыста болмау керектігін еске салды», - дейді пациент Жұмағүл Іздәшқызы.
Ядролық медицина орталығы басшысының айтуынша, жаңа 18F-NAF радиофармацевтикалық препаратының (натрий фториді) синтезі де фтор изотобына негізделген, бірақ оның бағыты басқа. Бірінші радиофармацевтикалық препарат (18-фтородезоксиглюкоза) қанмен жақсы қамтамасыз етілген, яғни метаболизм процесі айқын болатын барлық онкологиялық ауруларды диагностикалауға арналған. Дегенмен, қанмен нашар қамтамасыз етілетін, зат алмасу процестері баяулайтын қатерлі ісік түрлері де бар. Бұл түзілімдерді фтородезоксиглюкозамен көру мүмкін емес. Бұл жерде екінші радиофармацевтикалық препарат (натрий фториді), өзінің тұзды негізінің арқасында кез келген сүйекте қатерлі ісік жиналған жерлерге өте жақсы сіңеді. Яғни, екінші радиофармпрепарат кез келген қатерлі зақымдану кезінде сүйек метастаздарын диагностикалауға мүмкіндік береді.
Қандай қатерлі ісік аурулары кезінде сүйекке зақым келеді? Бұл сүт безі обыры, простата, асқазан, қуық, бүйрек және өкпе обыры. Обыр сүйекке өтіп, оны зақымдайды. Біз фторглюкозаның көмегімен сүйекке зақым келтіретін метастаздарды ғана көре аламыз, ал натрифтор сүйек метастаздарының барлық түрлерін көруге мүмкіндік береді, - дейді Айгүл Сәдуақасова.
Радиофармацевтика препараты ғайыптан пайда болмағанын ұмытпау қажет. Мұқият тексеруден кейін, ұзақ валидация кезеңінен кейін ғана оны пациенттер қолдана бастады.
«Валидация кезеңі барлық технологиялық процестерді тексеріп, GMP тиісті өндірістік практикасы жағдайында жүргізудің дұрыстығын қамтиды. Яғни, әр кезеңде біз синтездің, технологиялық тұрғыдан сапаны бақылау жүргізілді. Сондай-ақ, біз препараттың тұрақтылығын дәлелдедік. Біздің препараттың тұрақтылығы 12 сағатты құрайды. Біз бірінші препаратта қол жеткізген жетістігімізді қайталадық. 12 сағат бізге не береді? Бұл біздің дәрі-дәрмектің 12 сағат бойы тұрақты екенін және 12 сағат ішінде оны науқасқа көктамыр арқылы енгізуге болады дегенді білдіреді. Сол сияқты бұл препаратты басқа клиникаларға апарып қолдануға да болады. Радиофармацевтикалық препарат әлемде қолдануға рұқсат етілген дәрі саналады. Ол әлемде 60 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді, алайда Қазақстан аумағында бұрын-соңды болмаған. Қазір ол сүйек метастаздары бар науқастарды диагностикалау үшін пайдаланылады», - деп түсіндірді ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова.
Радиофармпрепарат көктамырға егіледі. Алдымен науқас дәрігер мен медбикенің тексеруінен өтеді. Диагностикаға дейін бір сағат бұрын науқас тыныш, қараңғы, жылы бөлмеде демалуы керек. Бір сағаттық релаксациядан кейін көктамыр ішіне радиофармпрепарат енгізіледі, оның дозасы пациенттің дене салмағына қарай есептеледі.
Енгізілгеннен кейін радиофармацевтикалық препарат жасуша метаболизмі көрсетілген аймақтарда жинақталады. Препаратты дұрыс тарату үшін науқас тамақ ішпей, аш болуы қажет және кем дегенде 1,5-2 литр газсыз қарапайым су ішуі тиіс. Радиофармпрепарат бүкіл денеге таралғаннан кейін, шамамен бір сағат ішінде пациентке диагностикалық зерттеу, яғни ПЭТ/КТ жүргізіледі. Зерттеу аяқталғаннан кейін пациент радиациялық қауіпсіздік қызметінің рұқсатымен шығарылады. Қызметкерлер радиоактивті фонды өлшейді. Нәтиже қалыпты болған жағдайда науқасты үйге жіберуге болады. Әрине, пациентке өзін күту туралы нұсқаулық беріледі. Шыққаннан кейін пациент кішкентай балалармен, егде жастағы адамдармен немесе науқас адамдармен байланыспауы керек.
Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, кез келген циклотронды өндірістік кешен жылына тек 1-2 радиофармпрепарат шығара алатынын түсіндірді. Келесі синтезге дайындық үшін алты ай қажет. Алайда, ҚР ПІБ БМО ядролық медицина орталығының дәрігерлері өздеріне жылына үшеуден көп радиофармпрепарат шығару міндетін алып отыр.
«Препаратты синтездеуге алты айдан астам уақыт дайындалдық. Біз желтоқсан айында аштық, бірақ ашылғанға дейін валидациялық процестерді бастап кеткенбіз. Өйткені медициналық орталық ауруханасының, ҚР ПІБ-нің қолдауымен, аталған нысан пайдалануға берілгенге дейін кәсіпқой мамандардан арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар физик, химиктер және инженерлер. Яғни, аурухана осы блок әлі ашылмаған кезде оларға жалақы төлеуге міндеттеме алды, ал орталық ашылған кезде бірден жұмысын бастап кетті. Әдетте, халықаралық тәжірибеде алдымен орталық ашылады, жабдықтың толық жұмыс істеуі үшін бір жарым-екі жыл ішінде барлық дайындық кезеңдері жүреді. Алайда бізде дайындыққа көп уақыт болмады. Біз пациенттерімізге не қажет екенін түсіндік. Сондықтан ашылудан екі жыл бұрын жұмыс тобы құрылды. Ол бүкіл жобаны басқарып отырды, соның арқасында біз дәрі-дәрмектің сәтті синтезіне қол жеткіздік. Барлығы өте қарапайым болып көрінеді, бірақ іс жүзінде бұл - ұзақ процесс», - деп атап өтті А. Сәдуақасова.
Радиофармпрепарат өндірісінде дәрігерлермен қатар ядролық физиктер және химиктер де еңбектенеді. Ядролық медицина орталығының циклотрондық өндірістік кешенінің басшысы Бауыржан Абышев алдымен барлық халықаралық стандарттар зерделенгенін атап өтті. Мамандар өздерінің жұмыс көлемін анықтады.
«Одан кейін операциялық процедураларды, нұсқаулықтарды әзірлеп, оқыдық. Радиофармацевтикалық препараттар шығаратын және табысты жұмыс істеп тұрған басқа орталықтарда оқуымызды аурухана қаржыландырды. Ресей және Еуропа елдеріне барып оқыдық. Біз үшін сапалы білім алу маңызды болды», - деп түсіндірді Бауыржан Абышев.
«Орталықтың құрылысы барысында радиациялық қауіпсіздік нормалары зерттелді. Біз ядролық медицина орталығын салумен айналысқан жеке серіктестерге бөлмелердің ерекшелігі, радиациялық қорғаныс қандай болуы керек екендігі туралы кеңес бердік. Нысанды салу кезінде барлық көрсеткіштер ескеріледі. Демек қандай қорғаныс шаралары қабылдануы керек, логистика қалай жүргізілуі керек. Кеңес алу үшін біз ядролық физика институтына жүгіндік. Институт мамандары үй-жайларды радиациядан қорғау шарттарын есептеп берді. Осылайша біз барлық тәуекелдерді қарастырдық. Бұл үшін валидация қажет, сонда ғана сапалы препарат алатындығыңызға сенімді боласыз», - деді Б. Абышев.
Оның айтуынша, әрбір радиофармацевтикалық препараттың өзіндік ерекшелігі бар. Препараттардың әрқайсысы диагностикалық қызметті қоса атқару жағы қаралды.
Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, көптеген адамдар ядролық медицина туралы қате түсінеді. Аталған сала тек онкологиялық ауруларды қамтиды деп санайды. Алайда маман бұл түсінікті жоққа шығарып отыр. Ядролық медицина кардиологияда, неврологияда, нейрохирургия және тағы басқа медицина салаларында қолданылуы мүмкін.
«Альцгеймер, Паркинсон ауруларын диагностикалағымыз келеді. Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып біз эпилепсияны ядролық медицина әдістерімен анықтай бастадық. Нейрохирургтарға мидағы эпилептогендік фокустың қай жерде екенін анықтауға көмектесеміз. Одан әрі дәрігер хирургиялық немесе консервативті жолмен емдеуді таңдайды. Егер емдеудің хирургиялық түрі таңдалса, онда нейрохирург көзді жұмып қойып ота жасай алмайды. Бұл жерде емдеу тактикасын дұрыс қолдану керек. Біз гибридті технологияларды қолданамыз. Яғни, құрылымды ғана емес, сонымен қатар жасушалық процестердің белсенділігін, аурудың қаншалықты тез дамитынын көреміз. Біз жасушалық метаболизмге еніп, жасушаның қалай қоректенетінін көріп, жүргізілген емнің тиімділігін анықтай аламыз», - деп атап өтті Айгүл Сәдуақасова.
«2015 жылы диагностикалық блок ашыла сала мықты команда құрылды. Орталық шамамен 4 жыл бойы салынды. Салу барысында басқа елдердің инженерлері, дәрігерлері, химиктері мен физиктерінің ақыл-кеңесі ескерілді. Олар өз тәжірибелерінде алғаш рет қазақстандық мықты командамен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Бұл нысан - біздің ұлттық мақтанышымыз. Ядролық медицина орталығында жұмыс істейтін мамандар да біздің мақтанышымыз. Кезінде мамандар осындай орталықты құру идеясын ұсынбаса, қазір бұл жерде ештеңе болмас еді. Бұл бірегей нысан. Біздің ядролық медицина орталығының базасында оқу орталығы құрылғанын айтып өткен жөн. Біз осындай нысанды іске қосып қана қоймай, елімізде келешекте ашылатын жаңа ядролық медицина орталықтарының болашақ кадрларын дайындағымыз келеді. Айта кету керек, бүкіл әлемде мұндай орталықтарда нақты саланы меңгерген мамандар жұмыс істейді және олардың саны аз болады. Оларды оқыту өте қымбатқа түседі және оқу процесі ұзаққа созылады. Ядролық медицинада болашақ кадрларды оқыту процесін бастауға дайынбыз. Біздің білім беру блогымыздың негізінде «Сұңқар» медициналық мекемесінің ядролық медицина дәрігерлері, Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығының дәрігерлері, медициналық физиктер, химиктер, радиофармацевтер оқытылды», – деді Айгүл Сәдуақасова.
2026 жылға дейін өндіріске 9 радиофармпрепарат енгізу жоспарлануда. Оның 8-і Қазақстанда алғаш рет өндірілмек. Биыл өндіріске келесі 3 жаңа РФП іске қосылады: 18F-NaF, 11c-MET (қазірдің өзінде өндірілген), 18F-DOPA. Бұл онкологиялық науқастарға арналған диагностикалық зерттеулердің спектрін кеңейтуге және шет елдерге бармай-ақ өз елімізде аталған препараттармен ПЭТ/КТ зерттеулерін жүргізуге мүмкіндік береді.