ДДҰ анемиямен күрес бағдарламасын жасап шығарды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы анемиямен күрес бағдарламасын жасап шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Анемиядан әйелдердің 30%-ы, жүкті әйелдердің 37%-ы және 6 айдан 5 жасқа дейінгі балалардың 40%-ы зардап шегеді. Анемияға ұшырағандардың көпшілігі табыс деңгейі орташа және төмен елдерде тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «БҰҰ Жаңалықтар қызметіне» сілтемемен.
Осы аптада Оңтүстік Африканың Кейптаунында өткен аналар мен сәбилердің денсаулығына арналған халықаралық форумда ДДҰ анемияға шалдығу деңгейін төмендету бойынша алғашқы кешенді бағдарлама бастады.
Анемия, сондай-ақ, қан аздық деп аталатын ауру - қандағы гемоглобин мен эритроциттердің азаюымен бірге жүретін және оттегі тасымалдануының бұзылуымен және гипоксияның дамуымен сипатталатын синдром, яғни организмдегі оттегінің төмендеуі.
Анемия дамуының ең көп тараған себептерінің бірі - темір тапшылығы, бірақ анемия үлкен қан жоғалту, тұқым қуалайтын бұзылулар, бүйрек немесе бауыр аурулары, жұқпалы және онкологиялық ауруларға байланысты болуы мүмкін.
«Анемияға қарсы күрес жұмыстарының басым бөлігі темір тапшылығының алдын алу және оны емдеуге бағытталған», - дейді ДДҰ тамақтану және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі департамент директоры Франческо Бранка.
ДДҰ дұрыс тамақтану, анемияны дәл және уақтылы анықтау, витаминдер мен микроэлементтерді қабылдау және халықтың осы мәселе туралы хабардарлығын арттыру сияқты факторлардың рөлін атап өтті.
ДДҰ жаңа бағдарламасы аясында анемияның себептері мен қауіп факторларын жою үшін кешенді шаралар қабылдауды ұсынады.