Денсаулық сақтау министрлігі бала өліміне себеп болған препараттың сатылымда жоқ екенін айтты
ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті балалардың өліміне себеп болған «Док-1 Макс» препаратының елімізде сатылмайтындығын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Док-1 Макс» Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген. Соған орай сатылмайды. ҚР-дағы ірі дәріхана желілері мен дәрілік заттар дистрибьюторларының ресми деректері бойынша бұл препарат жоқ және республика бойынша сатылмайды деп ресми мәлімдейміз», - деп атап өтеді комитеттен.
Еліміздің «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, дәрілік заттардың сапасын бақылау жүйесі олардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде іске асырылады. Дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін реттеудің негізгі элементі – мемлекеттік тіркеу. Оған дейін олардың тиімділігін, қауіпсіздігі мен сапасын кешенді бағалау жүргізіледі. Онсыз дәрілік зат нарыққа жіберілмейді. Қазақстанда тіркелер алдында дәрілік заттар мен олардың құрамына кіретін белсенді және қосалқы заттар, буып-түю материалдары сапасына мұқият тексеріледі.
«Соңғы 4 жылда әр түрлі өндірушілердің құрамында этиленгликольдің қосымша құрамы жоғары болған 10 дәрілік препаратын тіркеуден бас тартылды және ел нарығына жіберілмеді. «Док-1 Макс республика бойынша анықталған жағдайда заңнамаға сәйкес іс-шаралар қабылданатын болады», - деді ведомстводан.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйым COLD OUT және NATURCOLD жөтелге қарсы үнді сироптарының қауіптілігі туралы ескерткен болатын. Бұл дәрілік заттар Қазақстанда тіркелмеген, көтерме және бөлшек сауда сегментінде сатылмайды.