1 шілдеден бастап Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға міндетті таңбалау енгізіледі. Осылайша билік елге өндірілетін және әкелінетін дәрі-дәрмектердің сапасын арттыруға, сондай-ақ көлеңкелі нарықты жоюға ниетті. Алайда, дәріхана иелері бұл ережеге наразы, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Талғат Омаровтың айтуынша, жаңа ереже дәрі-дәрмектің қымбаттауына әкеліп соғады.
«Біздің қауымдастықта 3 мыңнан астам дәріхана бар және олардың 70 пайызы таңбалауға әлі дайын емес. Алдын ала зерттеуге сәйкес, таңбалау күшіне енсе, әрбір дәріхана ай сайын 400 мың теңге қосымша шығынға ұшырайды. Сәйкесінше оны өтеу үшін дәрі-дәрмекті қымбаттату керек. Нарықта дәрі жеткізетін 4 буын бар екенін түсіну керек – өндіруші, дистрибьютор, көтерме компаниялар және дәріхана. Бұл жағдайда әр субъект өз маржасын қосып отырады, ал көтерме компаниялар штатты бірнеше адамға көбейтуі керек. Мұның бәрі бағаға қалай әсер етеді, мұны ескерген ешкім жоқ. Жаңа ереже енгізбей тұрып, бәрін алдын ала есептеу қажет еді. Бәрі Премьер-Министр ойлағандай мінсіз емес. Препараттардың бағасы 27-40 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін», - дейді қауымдастық басшысы.
Спикер препарат құнына әсерін тигізбейтін басқа механизмдер қажет екенін айтуда.
Алматыдағы дәріхана иесі Камилла Кабиридзенің айтуынша, таңбалауды енгізу айтарлықтай қаржылық салымдарды талап етеді, өйткені ол үшін бірыңғай жүйеге қосылып, жабдық сатып алу қажет.
Оның айтуынша, көптеген кәсіпкерлер бұған қол жеткізе алмайды.
«Жабдықтың өзі қымбат емес – 20-50 мың теңге аралығында, бірақ арнайы бағдарламаны қосу керек. Бағдарламаның құны қалаға байланысты 500 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жетеді. Қай кәсіпкердің қалтасында артық 2 миллион теңге бар? Оған қоса, жаңа таңбалау жүйесімен жұмыс істеу үшін дәріханалар қосымша мамандарды жалдауы керек. Бізге фармацевт, провизор, тауар маманы керек. Ал фармацевтер қазірдің өзінде жетіспейді», - дейді дәріхана басшысы.
Сонымен бірге, интеграция бағдарламасы, таңбалау адамның ЭЦҚ кілті арқылы жүргізілетіндіктен, киберқауіпсіздік, коммерциялық құпиялылық мәселесі де туындайды.
Елдегі, әсіресе ауылдардағы интернет сапасы да жаңа таңбалау жүйесінің жұмысы үшін өте маңызды.
«Қазір көптеген қазақстандықтар қаржылық қиындықтарға байланысты дәрі-дәрмектерді бөлшектеп сатып алады. Ал таңбалау енгізілсе, дәріні бір данадан сатуға еш мүмкіндік болмайды, дәріге қолжетімділік азаяды. Мысалы «Сенаде» препаратының бір қаптамасында 500 дана дәрі бар, бір науқас үшін бұл тым көп. «Терафлю» дәрісін де бір-бірлеп сату тоқтайды. Бұл сұрақтардың жауабы әзірге жоқ», - деді К. Кабиридзе.