"Қазақстандықтарға ыңғайлы болуы үшін жасалып жатқан жоқ": Әлеуметтік медициналық сақтандыруға өзгеріс енгізіледі
262
3 миллионнан аса қазақстандықтың әлеуметтік медициналық сақтандыруды қолдануға мүмкіндігі жоқ. Бұлардың қатарына көбіне жұмыссыздар, өз-өзін жұмыспен қамтығандар және шалғай ауылдың тұрғындары кіреді. Былайша айтқанда, бұлар – әрбір 6-шы қазақстандық. Қазақстанда осы жағдайды түзету үшін заң әзірлеу қолға алынды. Бірақ қалайша әлеуметтік сақтандыру туралы заңды қолданысқа енгізгенде 17 пайыз қазақстандықтың өмірі ескерілмеген? Бұл жүйеге қазақстандықтардың тағы қандай наразылығы бар? Бұл туралы “Хабар” телеарнасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы енгізілгелі бері екі жылдан астам уақыт өтті. Алайда бұл жүйе туралы қазақстандықтар біраз наразылықтар білдірген болатын.
3 миллионнан аса қазақстандықтың әлеуметтік медициналық сақтандыруды қолдануға мүмкіндігі жоқ. Яғни, бұлар ай сайын өз қалталарынан әлеуметтік сақтандыруды төлеп отыруы тиіс.
“Біздің азаматтар қазіргі таңда әлеуметтік сақтандыру болмаса 12 ай бойынша артқы мерзіммен төлемдер төлейді. Алайда енді заң жобасына түзетулер енгізілгеннен кейін тек алдағы уақытқа ғана төлейтін болады. Алдын ала 12 айға қаражат салаты болса, сол он екі ай бойы сақтандырылып тұрады”, – дейді ӘМСҚ заңды және жеке ұйымдармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Забира Оразалиева.
Алайда сарапшылардың пікірінше бұл түзетулер жағдайды түбегейлі өзгерте алмайды. Көптеген жұмыссыздар мен өз-өзін жұмыспен қамтығандар бұрын төлемей жүре бергендері секілді алдағы уақытта да жүре береді. Сондай-ақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемі айына 3000 теңгеге дейін өскені белгілі.
“Адам бірінші барып құжат жинауы керек, одан кейін оны өткізеді. Яғни, бұл жүйе автоматтандырылмаған. Сол себепті көптеген адамдар бұған қолын сілтеп, байыптылықпен қарамайды. Қазіргі мемлекеттің әлеуметтік сақтандыруға енгізіліп жатқан яғни,12 ай алдын ала төлеу туралы өзгерісі қазақстандықтарға ыңғайлы болуы үшін жасалып жатқан жоқ. Немесе халық үшін қандай да бір жүктемені азайту үшін емес, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына апаттық жағдайда жеке қажеттіліктерін өтеу үшін қаржы жетіспеуде. Сол үшін олар алдын-ала 3 немесе 4 ай емес, 12 айға төлем жасауды ұсынып отыр”, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев.
“Егер халық әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынып отырған төлем жүргізу туралы, сол арқылы ұсынылатын медициналық қызметтер туралы толық ақпарат білетін болса, айтылып жатқан 3 миллион тұрғынның саны әлдеқайда аз болар еді. Өйткені әр адамды күшпен істете алмайсың. Әсіресе, өз-өзін жұмыспен қамтыған адамдар салық туралы заңды айналып өтеді”, – дейді Қарақат Әбден.
Қазақстандықтар сонымен қатар әлеуметтік иедициналық сақтандыру қоры аясында алатын медициналық қызметтердің сапасына да көңілдері толмайтынын жеткізді.
“Менің ойымша, қызметтерді алу бұрынғыға қарағанда қиындады. Мысалы, үйде отырған әйел жүкті болып, босанар кезінде дәрігердің қарауына баратын болса одан әлеуметтік сақтандыру сұрайды. Жоқ болса емдемейді. Мен өзім әр ай сайын 8-9 мың теңгедей қаржы төлеймін. Бірақ олар тек жұмыс күндері жұмыс істейтіндіктен қаралуға бара алмайсың”, “Көбінде кезекте тұрасың, ұзақ күтуге тура келеді”, “Белгілі бір сала маманына жазылу үшін бір ай күтуге тура келеді”, “УДЗ-ға түсу үшін де көп уақыт кезекте тұрасын”, – дейді халық.
Әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін талап-арыздар саны жыл сайын көбейіп жатқаны айтылуда. 2020 жылы 7 мыңнан аса өітініш түссе, ал биыл бір тоқсанның өзінде 5,5 мың арыз кеп түскен.
“Бізде көптеген байланыс құралдары бар. Мәселен, Qoldau 24/7 қосымшасы, сондай-ақ 1406 нөмірлі байланыс орталығымыз, сақтандыру телеграм-боты, әлеуметтік сақтандыру қорының сайты, бұнымен қоса жақын күндері QR код қоятын боламыз. Сол арқылы шағым түсіруге болады”, – дейді ӘМСҚ заңды және жеке ұйымдармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Забира Оразалиева.
Сондай-ақ сарапшылар әлеуметтік сақтандыру қоры туралы заңның дұрыс жасалмағанын айтады. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық фактілерін оңай кездестіруге болады.
“Өңірлік басым жоспарлар деген түсінік бар. Егер клиника ӨБЖ-ға кірмесе сақтандыру қоры бұл емханамен келісімге отырмайды. Медициналық ұйымның медициналық шенеуніктерге жақын екені белгілі. Ол бір науқасты әлеуметтік сақтандыру арқылы да немесе ақы төлеп те емдеуі мүмкін”, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев.
Әлеуметтік сақтандыру уақыттың еншісінде деп ойлайды сарапшылар. Сақтандыру көптеген дамыған елдерде жақсы деңгейде жұмыс істейді.