Ел тағдыры шешілетін маңызды кезең
Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысын шығарған болатын. 29 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясын ашты.
Конституцияға сәйкес Мәжіліс қайта жасақталған соң Үкімет өкілеттігін тоқтатты. 30 наурызда Премьер-Министр лауазымына Әлихан Смайылов қайта тағайындалды.
ОСК Сайлау қорытындысын жариялады
Бұған дейін сайлаудың алдын-ала нәтижелері туралы жазған болатынбыз. Кандидаттар партиялық тізім бойынша ғана емес, бірмандатты округтер бойынша да сайланды.
Орталық сайлау комиссиясы шығарған Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысы бойынша, Мәжіліс құрамына алты партиядан, атап айтқанда, «АМАNАТ», «Respublica», «Ақ жол», «Қазақстан халық партиясы», «Ауыл» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан 98 депутат енді.
Оның ішінде 29 депутат бірмандатты округтерден сайланды. Сайлауға 7 саяси партия тіркеліп, алтауы 5 пайыздан жоғары дауыс жинады. «AMANAT» партиясы – 53,90 пайыз немесе 3 431 510 дауыс; «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90 пайыз немесе 693 938 дауыс; Respublica партиясы – 8,59 пайыз немесе 547 154 дауыс; «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41 пайыз немесе 535 139 дауыс; «Қазақстан халық партиясы» – 6,8 пайыз немесе 432 920 дауыс; Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20 пайыз немесе 331 058 дауыс; «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30 пайыз немесе 146 431 дауыс; «Бәріне қарсымын» бағаны – 3,90 пайыз немесе 248 291 дауыс.
Партиялық тізім бойынша 69 орынның 40 орнын «АМАNАТ», 8-ін «Ауыл» партиясы алды. Respublica партиясы «Ақ жол» партиясына 6 орныннан тиді. 5 орынды ҚХП, 4 орынды ЖСДП иеленді.
29 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясын ашты.
Президент Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілгенін, оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келгенін, елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатқанын айтты. Сонымен қатар сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс білдірді.
"Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бірмандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты.
Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар депутаттардың 5 жыл бойы белсенді жұмыс істейтініне сенім білдіріп, ел мүддесі үшін қызмет етуі керек екеніне баса назар аударды.
"Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда халық бәрін жіті бақылап отыр. Осы ретте депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өткен жөн. Сондықтан осы ғимаратта отырған депутаттар 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі ел мүддесі үшін қызмет ету қажет. Бұл – «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағиданың тағы бір көрінісі", – деді ол.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы нақты басымдықтар форматында жұмыс істеу керек екенін айтты. Президенттің айтуынша, аса маңызды мәселелерді дереу шешу қажет. Бірақ кейбір мәселені кейінге қалдыруға, ал бірқатары бойынша алдағы шешімдердің тек жобасын белгілеуге тура келеді. Әйтпесе, еңбегіміз зая кетеді және қолда бар ресурстарымызды сарқып аламыз.
"Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыру керек. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларды өзгерту қажет. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз. Ірі бизнес біздің жаңа экономикалық парадигмада жаңаша жұмыс істей бастайды әрі міндетті түрде дамиды. Жалпы, ашық әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру басты басымдық болып қала береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек екенін айтты. Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне Парламент бақылау жасауға тиіс.
"Қысқасы, депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктеледі. Яғни, әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек. Сіздер шешім қабылдайсыздар және сол үшін жұрт алдында жауап бересіздер. Халықтың мүддесін тиімді қорғау және еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату қажет. Еліміздің негізгі басымдықтарын баршаңыз жақсы білесіздер. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түсу. Осы орайда мен Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойымды ортаға салғым келеді", – деп Президент Мәжілістің алдағы жұмысының негізгі бағыт-бағдарына тоқталды.
Бірінші, іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Екінші, еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Үшінші, инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Төртінші, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Бесінші, адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Алтыншы, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі. Жетінші, адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыру керек. Сегізінші, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет.
Президент аталған бағыттар бойынша нақты қандай жұмыстар атқарылу керек екеніне жеке-жеке тоқталды. Сөз соңында баршамыздың мақсатымыз әділетті Қазақстанды құру екенін айтып, депутаттардың жұмысына табыс тіледі.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектен бастап мүгедектерге және асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақыны 14,5 пайызға көтеруді тапсырды. «Қазақстанның Халық әртісі» атағын қайта берілетін болды. Азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын қолдау басым міндет болып қала беретінін айтты. Адам саудасына тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдануы керек екеніне тоқталды.
Партиялар фракциясын құрды
Жаңа шақырылымдағы Мәжілістің алғашқы жалпы отырысы депутаттардың ант қабылдауымен басталды. Олар Конституцияға қол қойып, Қазақстан халқына ант берді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша VIII сайланған Мәжіліс Спикері болып «АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов сайланды.
Содан соң депутаттар палатаның қос вице-спикерін таңдады. Спикер Ерлан Қошанов әріптестеріне Альберт Рау мен Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынып, бекітті.
Мәжілістегі комитеттердің де төрағалары тағайындалды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы болып Асхат Аймағамбетов сайланды. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева болды. Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып Мәди Такиев, ал экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы болып Еділ Жаңбыршин сайланды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы ретінде Айгүл Құспан таңдалды. Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болып Серік Егізбаев сайланды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов болды.
Мәжіліс Регламентіне өзгерістер енгізілгеннен кейін палатадағы 6 саяси партия өз фракцияларын құрды. Елнұр Бейсенбаев – «АМАNАТ» партиясының, Анас Баққожаев – «Ауыл» партиясының, Айдарбек Ходжаназаров – «Respublica» партиясының, Азат Перуашев – «Ақ жол» партиясының, Магеррам Магеррамов – Қазақстан Халық партиясының, Асхат Рахымжанов – ЖСДП фракциясын басқаратын болады.
Жаңа мәжілістің құрамын сараласақ, депутаттар 75 пайыз жаңарған. Яғни 25 депутат қайта мандат алып отыр. Олардың арасында партия тізімі арқылы қайта тағайындалғандар да, бір-мандатты округтен сайлауға түсіп, жеңіп шыққандар да бар. Депутаттар құрамының 18 пайызы – әйел депутаттар. Бұл өткен VII сайланымның құрамындағы әйелдер үлесімен салыстырғанда 9 пайызға кем.
Үкімет басшысы қайта тағайындалды
30 наурызда Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Ол Мемлекет басшысына «AMANAT» партиясының атынан Премьер-Министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынды.
Содан соң Президент Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кеңес өткізді.
"Конституцияның 70-бабына сәйкес, Мәжілістің жаңадан сайлануына байланысты Үкімет өз өкілеттігін тоқтатты. Осы ретте Үкіметтің атқарған жұмысына қысқаша тоқталғым келеді. Біз соңғы жылдары жаһандық және жалпыұлттық ауқымдағы көптеген қиындықты бастан өткердік. Үкімет күрделі кезеңдегі жаңа талапқа тез бейімделді. Сол арқылы экономиканың тоқырауына жол берген жоқ. Жұмыс орындарын қысқартпай, сақтап қалды. Шұғыл шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 3,2 пайызға өсті. Халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер уақытылы және толығымен орындалды. Мұның бәріне билік тармақтарының бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында қол жеткіздік. Осы ынтымақтастықты нығайта беру керек", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкімет пен Парламент экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруға тиіс екенін айтты. Сонымен қатар, Үкімет баса мән беруге тиіс мынадай мәселелерге тоқталып өтті.
Бірінші, тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4 пайыз болуын қамтамасыз ету керек. Түпкі мақсатымыз – жоғары технологияға негізделген, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру.
Екінші, инфляцияны тежеу қажет. Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек. Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек.
Үшінші басты мәселе – инфрақұрылымды дамыту. Энергетикалық активтерді жаңғыртуға жақын арада жаңа инвестиция тарту керек. Мемлекет басшысы бұл жұмысты «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы іске асыруға болатынын айтты.
Төртіншіден, аумақтық саясат жан-жақты ойластырылып жүргізілуге тиіс. Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіп-өркендейді.
"Былтыр жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғанын білесіздер. Бұл қадам осы аймақтарды тың қарқынмен дамытуға жол ашты. Біз аймақтар арасындағы экономикалық теңсіздікті азайту үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек. Осы ретте Үкімет әкімдермен бірлесіп, әрбір облыстың әлеуетін арттыруға тиіс. Әр аймақтың өзіне тән мүмкіндігін толық пайдалану қажет. Мен мұны бірнеше рет айттым. Сондай-ақ агломерацияларды дамыту мәселесіне баса назар аударған жөн. Үкімет осыған қатысты заңның мүлтіксіз орындалуын және жоспарланған жұмыстың тиімді атқарылуын қамтамасыз етуге тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бесінші мәселе – адам капиталы сапасын көтеру. Соның ішінде мектептер мен университеттердегі білім беру мәселелеріне де тоқталды. Президент отандық ғылымның дамуын жеке өзі қадағалайтынын мәлімдеді. Денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға, соның ішінде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге баса мән беру керек екеніне тоқталды. Ақпараттық технологияларды дамыту мәселесінің маңызын да айтып өтті.
Алтыншы, мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғырту қажет. Үкімет әкімшілік реформаны жалғастырып, бюрократияны барынша азайтуы керек. Мемлекеттік органдардың тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындауы жеткіліксіз.
Сонымен қатар Президент Үкіметтің экономика өсімін қамтамасыз ететін тың бастамалар көтеріп, жаңа идеялар ұсынып отыру қажет екенін айтты. Министрлер мен әкімдердің қызметін бағалаған кезде олардың осы бағыттағы жұмысы басты назарда болады.
"Мен сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсына алатынын атап өттім. Бүгін мен Мәжіліс Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановты қабылдадым. Жаңа ғана фракция жетекшілерімен арнайы кездестім. Үкімет басшысы лауазымына «AMANAT» партиясы ұсынған кандидатты талқыладық. Ортақ мәмілеге келдік", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынды. Конституцияның 56-бабына сәйкес Премьер-Министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловты тағайындау үшін Мәжілістің келісім беруін сұрады.
Палатаның төменгі палатасының пленарлық отырысына қатысқан 97 депутат дауыс берді. Смайыловтың кандидатурасын 82 депутат жақтаса, 7 адам қарсы шықты. Тағы 8-і дауыс беруден қалыс қалды.
Осылайша, Әлихан Смайылов Үкімет басшысы болып қайта тағайындалды. Алдағы уақытта министрлер кабинеті қайта жасақталып, Үкімет жаңаратын болады. Оған дейін экс-министрлер қазіргі міндеттерін атқара береді.
VIII шақырылым депутаттары қыметіне кірісіп кетті. Олардың қандай жұмыс атқаратыны, қандай мәселе көтеретіні, қандай өзгеріс әкелетіні әзірге уақыт еншісінде. Біраз уақыттан соң министрлер кабинетіне де өзгеріс енбек. Дегенмен Үкімет басшысы қайта тағайындалды. Сол сияқты былтыр жыл басында тағайындалған министрлер қаншалықты жаңаратыны әзірге белгісіз.
Қалай десек те, биліктің өкілді тармағына артылатын жүк ауыр, міндет те көп.