Резервтегі әскерилер ұрысқа дайын құрам ретінде жасақталады – Е.Бапи
15 қараша күні Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралады, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Құжатты еліміздің Қорғаныс министрлігі әзірледі. Былтыр желтоқсанда Мәжіліс қарауына енгізілген осы заң жобасын депутаттар жұмыс тобының отырыстарында егжей-тегжейлі талқыдан өткізді. Осы орайда депутат Ермұрат Бапи бұл құжаттың негізгі мақсатына қатысты түсінік берді.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер де елімізге әлдебір қатер төнген жағдайда, бұрынғыдай мобилизацияға шақырып, одан кейін әскерге шақырылған азаматтың киім-кешегін беріп, оларды дайындықтан өткізу, қару-жарақпен қамтамасыз ету қадамдары тым ұзақ процесс. Ал резервтегі әскерлер - бұл әскердің жаңа түрі. Олар белгілеген мерзімде жауынгерлік дайындықтан өтіп тұрады. Тұрақты түрде тиісті оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Осының нәтижесінде дайындықтан өткендерді уәкілетті орган тиісті әскери бөлімшелерге бірден бағыттайды», - деді Е.Бапи.
Атап айтқанда, резервтегі қызметке тартылғандар ұрысқа дайын құрам ретінде жасақталады. Бұл резервтегі қызмет қысқа мерзімде тиісті әскери бөлімге келуге, сондай-ақ қойылған міндеттерді орындауға дереу кірісуге даярланған азаматтардың сақадай-сай тұруына септігін тигізеді.
«Осы заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсатына тоқталсақ, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдай кезінде еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған. Бұл тұрғыда резервтегі азаматтар арқылы әскер қатарын жылдам толтыру қарастырылған. Олар алдын ала дайындықтан өтеді. Резервтегілерді жұмылдыру қажет болса, дайындықтан өткендер бірінші дабылдан кейін өзінің әскери бөліміне келіп, өзі жауапты әскери бекетке барады немесе әскери техникасына отырады», - деді депутат.
Резервтегі қызметке тартылғандармен ерікті түрде келісімшарт жасалады. Сонымен қатар, заң жобасында резервте тұрған адам мен жұмыс беруші арасында қатынастарды реттеу тетіктері бар.
«Резервке баруға әр адам ерікті түрде таңдау жасайды. Әсіресе, жұмыссыз жүргендерді әскерге тарту пысықталды. Бұл ретте тиісті жалақы төленеді. Мәселен, ай сайын бірнеше сабаққа қатысқандарға минималды жалақы, ал оқу-жаттығу жиындары кезінде орташа айлық жалақы беріледі», - деді Ермұрат Сейтқазыұлы.
Төтенше немесе соғыс жағдайында жалақы мәселесі тиісті заңдар аясында реттелетін болады.
Депутаттың сөзіне қарағанда, бұл заң жобасын әзірлеу кезінде әлемдегі бірқатар қақтығыс аймағында жинақталған тәжірибе зерттелді. Заң жобасын Қорғаныс министрлігі даярлап, бұл ведомство біраз деректі зерделеген.
«Атап айтқанда, осы аптада Мәжілісте қаралатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы жыл соңына дейін қабылдануы керек. Себебі бұл құжаттың тәжірибе жүзінде іске асырылуы келер жылдан бастап қолға алынады. Резервтегі алғашқы әскери құрамалар 2025 жылдан құрыла бастайды. Жалпы, қазіргі теңселіп тұрған геосаяси жағдайды ескере отырып, арқаны кеңге салып жүруге болмайды. Бұл заң қабылданғаннан кейін, Қорғаныс министрлігі шұғыл жұмыстарға кіріседі», - деді Ермұрат Бапи.
Мұнымен қоса, осы құжат аясында резервтегі қызметке жұмылдырылғандардың жауапкершілігі мен міндеті, тәртібі жан-жақты белгіленеді.
Заң қабылданған жағдайда, қорғаныс саласына бөлінетін бюджет қаражаты біршама өсуі мүмкін.