Сенат судьялардың кәсібилігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған заңды қабылдады

232
Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы қабылданды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«ҚР Президентінің жанындағы Сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау жөнінде комиссия әзірлеген сот жүйесін жетілдіру жөніндегі тәсілдерді іске асыру мақсатында Парламент депутаттары аталған заң жобасына бастамашылық жасады. Заң жобасының негізгі міндеттері - судьялар корпусын қалыптастыру тетігін жетілдіру, заңның үстемдігін және сот жүйесінің тәуелсіздігін белгілеу бойынша жүргізіліп жатқан сот реформасының басым бағыттарын қамтамасыз ету», - деді сенатор Қанатбек Сафинов.

Оның айтуынша, заң жобасындағы түзетулерді екі блокқа бөліп қарастыруға болады.

Біріншіден, судьялар корпусының кәсібилігін арттыру және сот жүйесіне құқықтың тар салаларының мамандарын тарту.

Екіншіден, судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыру және сот жүйесін қаржыландырудың жаңа моделін белгілеу. «Бірінші блок бойынша неғұрлым күрделі салаларда маманданған судьялыққа кандидаттар мамандандырылған біліктілік емтиханын тапсыруды қамтитын жеке конкурстан өтетін болады. Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия Жоғары сот Кеңесімен алдын ала келісілгеннен кейін Жоғарғы соттың жалпы отырысы бекітетін тиісті әдістеме негізінде судьялардың кәсіби қызметіне бағалау жүргізеді. Аудандық соттарда тең дәрежелі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу кезінде шалғайдағы немесе құрамы аз соттарда кемінде бес жыл жұмыс істеген судьялар басымдыққа ие болады», - деді депутат. Екінші блок бойынша судьялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында судьяны тәртіптік жазаға тарту мерзімдері теріс қылық анықталған кезден бастап үш айдан бір жылға дейін және ол жасалған кезден бастап бір жылдан екі жылға дейін ұлғаяды.

«Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сот жүйесінің бюджетін қалыптастырудың қағидатты жаңа моделі ұсынылады, оның мөлшері жыл сайын барлық мемлекеттік органдар шығыстарының кемінде 6,5% пайызын құрайтын болады. Шығыстарды бөлу мәселелерін шешу бойынша Жоғарғы соттың кеңейтілген жалпы отырысы – судьялық өзін-өзі басқару органының рөлін күшейту көзделеді. Бұл ретте ақшалай түсімдердің нысаналы пайдаланылуын бақылау Есеп комитетінің есебінен сақталады. Осы заң жобасына енгізілетін түзетулер судьялардың кәсіби білімі мен іскерлігінің деңгейін арттыруға және судьялар корпусының сапалық құрамын жақсартуға, сот жүйесінің қаржылық тәуелсіздігін және ақша қаражатын бөлу мәселелерін шешуде судьялардың өзін-өзі басқару органдарының дербестігін нығайтуға мүмкіндік береді», - деді Қанатбек Сафинов.

Сонымен қатар, бүгінгі жалпы отырыста сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екі оқылымда қарап, қабылдады.