АДАМ КАПИТАЛЫН ДАМЫТУ – МЕМЛЕКЕТТІК БАСЫМ БАҒЫТ
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі инклюзивті саясатты жүзеге асыру барысы жан-жақты қаралды. Жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімді орта қалыптастыру, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және адам капиталын дамыту мәселелері басты назарға алынды.
Отырыста сөз алған Үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекет әлеуметтік саясатты әрдайым басым бағыттардың бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның жаңа конституциялық қағидаттарында адам капиталын дамыту, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету – мемлекеттің стратегиялық міндеттері ретінде нақты айқындалған.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекетіміздің әлеуметтік бағыттағы саясатқа ерекше мән беретінін үнемі айтып келеді. Жаңа Конституциялық қағидаттарда адам капиталын дамыту, барша азаматқа тең мүмкіндік беру және қолжетімді орта қалыптастыру басты басымдық ретінде бекітілген. Біздің негізгі міндетіміз – мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсету және олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау», – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет тарапынан 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтті. Бұл құжат еліміздегі әлеуметтік саясаттың ұзақ мерзімді бағытын айқындап, инклюзивті ортаны дамытуға арналған нақты тетіктерді қамтиды.
Аталған тұжырымдама аясында білім беру, денсаулық сақтау, еңбекпен қамту, инфрақұрылымды бейімдеу және әлеуметтік қызметтерді жетілдіру бағыттарында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген.
Үкімет отырысында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы бірқатар министрліктердің басшылары баяндама жасады. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Көлік министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері өз салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жоспарлар туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Qamqor plus» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілдері де инклюзивті саясатты дамытуға бағытталған бастамалар туралы баяндады. Олар әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу, инклюзивті жұмыс орындарын көбейту және қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді.
Жиын барысында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған ортаны дамыту тек әлеуметтік міндет қана емес, сонымен бірге мемлекет дамуының маңызды көрсеткіші екені айтылды. Қолжетімді орта қалыптастыру – қоғамның әділеттілігін, теңдігін және гуманистік бағытын айқындайтын басты факторлардың бірі ретінде бағаланды.
Отырыстың қорытындысында Премьер-министр барлық жауапты мемлекеттік органдарға инклюзивті саясатты іске асыру жұмыстарын күшейтуді, нақты нәтижелерге бағытталған индикаторларды орындауды және бұл бағыттағы үйлестіруді арттыруды тапсырды.
Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан бұл кешенді саясат қоғамның барлық мүшесіне тең мүмкіндік беруге, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және адам капиталын сапалы дамытуға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылуда.
@KZgovernment







