ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЭКОНОМИКА САЛАЛАРЫНА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу енді жай тренд емес, нақты басқарушылық міндетке айналып отыр. Соның айқын көрінісі – Олжас Бектенов төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономика салаларына жасанды интеллектіні кеңінен енгізу мәселесінің қаралуы.
Отырысқа Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, өңір деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Үкімет отырысынан кейін өткен жиында облыс әкімі жасанды интеллектіні нақты салаларға енгізуді жеделдету қажеттігін ерекше атап өтті.
Аймақ басшысы ең алдымен мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға басымдық берді. Оның айтуынша, барлық мемлекеттік қызметкерлер жасанды интеллект құралдарын қолдану дағдылары бойынша толық
оқытудан өтуі тиіс. Бұл – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың негізгі шарттарының бірі.
Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмады. Нұрлыбек Нәлібаев медициналық ұйымдардың жұмысына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу қарқынын күшейтуді тапсырды. Әсіресе инсульттің алдын алуда тиімділігін көрсеткен Cerebra жобасын өңірде іске қосу үшін нақты ұсыныстар әзірлеу міндеті қойылды. Мұндай технологиялар дер кезінде диагноз қоюға және адам өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді.
Қоғамдық қауіпсіздік мәселелері де кеңінен талқыланды. Әкім құқықбұзушылықтың алдын алу үшін тәулік бойы мониторинг жүргізіп, рейдтік шараларды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар интернет алаяқтықпен күресте және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігі атап өтілді.
Өңірде бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. 2023 жылдан бері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті базасында Сеул ұлттық ғылым және технология университеті-мен бірлесіп ашылған Жасанды интеллект институты жұмыс істеуде. Қазіргі таңда мұнда 240 студент білім алуда. Болашақ мамандар өндіріс, білім беру, медицина және қызмет көрсету салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізумен айналысады.
Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында өңірде цифрлық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Бүгінде 7 аудан орталығы мен Байқоңыр қаласында 600-ден астам бейнекамера мен ондаған жылдамдық өлшегіш құрылғылар орнатылған. Ал облыс орталығында 1400 бейнекамера, 80 «зияткерлік қиылыс» және 90-нан астам стационарлық бақылау құрылғысы жұмыс істейді.
2026 жылдың сәуір айынан бастап өңірде алғаш рет «Сұңқар» атты заманауи құрылғылар іске қосылды. Бұл жүйе қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде телефон қолдану сияқты құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды. Сонымен қатар Қазақтелеком компаниясымен бірлесіп, бейнебақылау камераларын Ұлттық бейнебақылау
жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бастамасымен қолға алынған «Цифрлық қадағалау» пилоттық жобасы елімізде алғаш рет Қызылорда облысында жүзеге асырылуда. Бұл жоба аясында «109 Бірыңғай байланыс орталығы» мен «112 Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі» жүйелерімен толық интеграция жүргізілген. Нәтижесінде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігі айтарлықтай артты.
Жиын қорытындысында облыс әкімі инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау, жол инфрақұрылымының жағдайын жақсарту және өңір тазалығын тұрақты бақылауда ұстау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жалпы, Қызылорда облысында жасанды интеллектіні енгізу тек теориялық деңгейде емес, нақты жобалар мен инфрақұрылым арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс өңірдің цифрлық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етпек.







