Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтар музейге экскурсия жасады
Қызылорда облысы Қазалы ауданында пробация есебіндегі азаматтар Ғани Мұратбаев музейіне барды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Қазалы аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен пробация есебіндегі азаматтар арасында тарихи-танымдық экскурсия өткізілді. Шара барысында азаматтар Ғани Мұратбаев мемориалдық музейіне барып, қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы мағлұмат алды.
Экскурсия кезінде қатысушылар музейдегі тарихи жәдігерлер мен құжаттарды тамашалап, ел тарихында өзіндік орны бар тұлғаның өнегелі өмір жолымен танысты. Пробация қызметі тарапынан ұйымдастырылатын мұндай іс-шаралар
есептегі азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне, тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеуге және қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған. Экскурсияға қатысқан азаматтар танымдық шараны ұйымдастырған пробация қызметіне алғыстарын жеткізді.
"Музейге алғаш рет келіп отырмын. Ғани Мұратбаевтың өмірі мен ел үшін атқарған еңбегі туралы көп нәрсе білдім. Осындай шаралар бізге ой салып, дұрыс бағыт таңдауға ықпал етеді. Өткен тарихымызды білу – әр адам үшін маңызды деп ойлаймын",– деді пробация есебіндегі азамат.
Қаз
Рус






