Сыр еліне ҚР Ауыл шаруашылығы министрі жұмыс сапармен табан тіреді

123

Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев келді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ведомство басшысына Үкімет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.


«Соңғы жылдары орын алған су тапшылығына қарамастан Сыр диқандары Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында егіннен мол өнім алып, салада өсім динамикасы қалыптасты. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі өткен жылдың қорытындысымен 6,3 пайызға артты.

Былтыр ауыл шаруашылығының негізгі қорына 9,9 млрд. теңге инвестиция салынып, 2021 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артса, биылғы қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 есе өсті.

Өткен жылы саланы субсидиялауға 11,9 млрд. теңге қаржы бөлінсе, биыл 13,8 млрд. теңге қаралды. Сыр диқандары 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлауда. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 83,9 мың гектар көлемінде межеленген», – деді аймақ басшысы.


Ербол Қарашөкеев биылғы субсидиялау ережелерімен таныстырып, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселелерін талқыға салды.


Жиынға облыстың ауылшаруашылығы саласының өкілдері, қала және аудан әкімдері бейнеконференция байланысы арқылы қатыстып, өз сұрақтарын қойды. «Абзал и К» ТС бас агрономы А.Алиакбаров, «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Н.Іздібаев, «Ақжарма и К» ЖШС бас агрономы Ғ.Ізтілеуов, «Сейтжанов», ШҚ төрағасы Ш.Сейтжанов, «РК Мұнай» ЖШС құрылтайшысы Р.Нұржанова және «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Ә.Бекжанов ұсыныс-пікірлерін жеткізді.


Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сыр өңіріне сапары барысында Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылындағы көркейту көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын көріп, республика көлемінде өтетін ауылды дамыту тақырыбындағы семинарға дайындық мәселелерін пысықтады. Жеке қабылдау өткізіп, жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг берді және Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмысымен танысты.


Анықтама үшін: Өткен жылмен салыстырғанда облыста жалпы егіс көлемін 7,0 мың гектарға, оның ішінде күріш көлемін 5,3 мың гектарға, мал азықтық дақылдарды 2,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша көлемін 222 гектарға ұлғайту көзделуде. Вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егіс көлемі нақтыланатын болады.


Су тапшылығын ескере отырып, ауыл шаруашылығын әртараптандыру үшін соңғы 2 жылда облыста күріш көлемі 11 мың гектарға дейін қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін дақылдар көлемі 17,1 мың гектарға ұлғайтылды. 1,0 мың гектарға су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы егін егілсе, биыл 667 гектарға қолданылатын болады. 2030 жылға дейін оның көлемін 17,2 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Биыл Украина ғалымдарымен тәжірибе ретінде демонстрациялық алқапқа әртараптандыру бағытындағы дақылдарды егу қолға алынды. Қазір көктемгі дала жұмыстары мен егін егу науқаны кестеге сай жүруде, диқандар тұқым, тыңайтқыш, техника және жанар-жағармаймен толық қамтылған.


Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі