"Қытайлар емес, қандастар ағыны көбейеді": Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимнің қаупі бар ма

126

Қазақстан мен Қытай екіжақты визасыз режимін енгізбек. Осы тұста қоғамда елге кіру еркін болса қытайлықтар ағыны артпай ма деген алаңдаушылық бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz cайтына сілтеме жасап.


Осы орайда саясаттанушылармен байланысып, бұл режимнің бізге несімен тиімді екенін сұрап білді. Олардың айтуынша, Қытаймен ашық байланыс ең бірінші бизнестің дамуына үлкен септігін тигізеді. Дегенмен, шекара еркіндігінен қылмыстың да көбеюі мүмкін екен.


2023 жылдың мамырында, Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Қытайға сапары кезінде визаға байланысты екі жақты келісімге қол қойылды. Құжат заңды күшіне енбесе де мәтіні 26 сәуірге дейін қоғам талқысында болады. Осыған орай көпшіліктің пікірі екіге бөлініп, шекараның ашылғанын біреулер тиімді деп санаса, енді бірі қытайлардың ағыны артып, елімізге кіреді деп алаңдауда.


Саясаттанушы Замир Қаражанов миграциялық саясат пен мұндай шарттардың өзіндік мақсаттары болатынын алға тартты. Сондықтан визаны алып тастағаннан қытайлар ағыны артады деп қорқу орынсыз екенін жеткізді.

“Бұл шарттың өзіндік мақсаттары бар. Мысалы визаны алып тастау экономикалық іссапарлар, туристік, бизнес, медициналық, білім алу бағыттарында өте тиімді болады. Қытайда білім беру саласнында шетелдіктерге арналған арнайы гранттар бар. Ал біздің сол жақта білім алатын жастарымыз үшін визасыз режим жағдайды әжептәуір жеңілдететін шешім”,- деді маман. 

Саясаттанушы бұл режим қандастар үшін керемет мүмкіндік екенін алға тартты. 

“Қытайлардың емес, қандастарымыздың ағыны көбеюі мүмкін. Себебі енді олар мұнда қоныс аударуы үшін алдын ала келіп еліміздің жағдайын бақылай алады. Яғни, өмір сүру, білім алып, жұмыс істеу жағдайлары оларды қанағаттандыра ма біліп кете алады”,- деп қосты ол. 

Жаңа ереженің негізінде визасыз шетелдіктер мұнда тек 30 күнге ғана бола алады. Замир Қаражанов сол үшін олардың елде тұрақтап қала алмайтынын тілге тиек етті.

“Мысалы бизнес, туризм салаларын алып қарасақ та, Қытай азаматтарын қызықтыратындай экономикамыз олардан жоғары емес. Сондықтан олардың бізден алары көп деп айта алмаймын. Бізде кәсіпте жасалатын жағдай деңгейі де оларға қарағанда төменірек. Сол үшін бұл визаға бола қытайлық кәсіпкерлер легі көбейеді деу қиын”,- деді саясаттанушы. 

Маман қытайлардың елге турист болып келуі де екіталай екенін қоса кетті. Себебі олардың өз аймақтарында туризм бізге қарағанда жақсы дамыған. 

“Визасыз режимнің кемшілігі ретінде қылмыс көбеюі мүмкін. Естеріңізде болса, қазақстандық бойжеткенді есірткі тасымалдады деп Қытайлық тарап соттаған еді. Орталық Азия есірткімен айналысатындар үшін тасымалдау көпірі болуы мүмкін. Одан бөлек, браконерлік, қаржылық қылмыстар да бар. Дегенмен, бәрібір екі ел мұндай шартқа отырмас бұрын қауіпсіздік мемарандумдарына да қол қояды. Сол арқылы барлық келеңсіздіктердің алдын алатын болады”,- деп қорытты Замир Қаражанов.

Саясаттанушы Дос Көшім соңғы 10-15 жылда “қытайлықтар бізді басып алады” деген ақпараттың көпшілікті үрейлендіргенін растайды.

“Мен бұл визалық режимге бола Қытай тарапынан көптеп келетін адамдарды көріп тұрған жоқпын. Керісінше, бұл бізге тиімді сияқты. Көбіне сауда жасайтындар үшін жақсы. Ал қандастарымызға елдегі туысқандарымен араласуына керемет мүмкіндік болады. Қытайды бізге жау етіп көрсету мәселесі әлі күнге дейін бар. Сондықтан қазақтардың қытайлықтар ағынынан қорқатыны рас. Алайда орыныз алаңдап жүрген секілдіміз. Мен әркез айтамын, біздің басты қорқынышымыз – Ресей”,- деді саясаттанушы. 

Еске салсақ, Қазақстан мен Қытай екіжақты визасыз режим енгізетінін хабарлаған болатынбыз.