Қызылордалық кәсіпкер 5 адамды жұмыспен қамтып отыр
Қызылорда қаласында кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп, қызылордалық тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып келе жатқан жиһаз шығарушы цехтың бірі ЖК «Нұртөре» ,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
2020 жылы ата кәсіпті қолға алған Нұрлыбек Есқалиев 2022 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік бағдарламаның көмегімен, яғни «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 10 млн. теңгеге қолдау алып, цех тынысын кеңейтіп отыр. Кәсіпкер ол қаражатқа өндіріске қажетті жабдықтар сатып алып, жұмыс өнімділігін арттырды. Бүгінде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Цехта үй мен кеңсеге, мектеп және басқа да ғимараттарға қажетті заманауи үлгідегі есіктер мен жақтаулардың, баспалдақтардың сан алуан түрі әзірленеді. Дайын болған өнімдер «Сығанақ» базарынан және Бәйтерек-3 тұрғын ауданы, 49 көше бойынан тұтынушыға жеткізіледі.
«Қазір мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие де, түрлі гранттар да берілуде. Бұл қолдауды тек тиімді пайдалана білу керек. Цехта әрбір материал сұраныс иесінің талабына сай дайындалады. Жиһаздарды дайындау барысында жергілікті өнімдерді пайдаланамыз. Мысалы, әйнек қызылордалық зауыттан шығарылса, есіктердің қаптамасын (упаковка) «Мүгедектер қоғамына» тапсырыс беріп, жасатудамыз. Осы іспетті, құрылыс жүргізіп жатқан мердігер мекемелерден қолдау күтеміз», – дейді «Нұртөре» ЖК-нің директоры Нұрлыбек Есқалиев.
Аида Керімқұлова: Қолөнерде бір ұлттың бояуы жатыр
Жер бетіндегі ұлттардың 3 пайызының ғана жеке мемлекеті бар десек, тәуелсіз ел ретінде мойындалған халықтардың да жаһандану барысында жұтылу қаупі бар. Жапония сынды толықтай жапондықтардан ғана құралатын, ұлттық бұйымдары мен өмір сүру салтын әлі күнге дейін сақтап қалған мемлекет көпке үлгі. Осы орайда уақыт өткен сайын қазақстандықтардың да ұлттық бұйым, киім, әшекейлер мен ыдыстарға деген сұранысы артуда. Соңғы жылдары ұлттық нақышта киіну сәнде болса, қазақылықтың бояуы көрінетін детальдарды пайдалану елден ерекшелену мен эстетикалық талғам үдесінен шығудың көрінісіне айналды. Соның ішінде өңірде ұлттық өнерді ұлықтап, өзгелерге де насихаттап, алғаш рет «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығын ашқан Аида Керімқұлованың еңбегін елеусіз қалдыра алмаймыз.
А.Байтұрсынов пен Төле би көшелерінің қиылысында орналасқан «Sapa ka» жеңіл өнеркәсіп орталығы 2011 жылы құрылды. Бір айда 2000 дана мектеп формасы, 100 дана ұзату көйлегі сынды жекелеген немесе мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыруға қауқарлы командада 30 адам жұмыс істейді. Оның ішінде жобаның бір бөлігі ретінде қарастырылатын «этно-ауыл» ұлттық мәдени кешенінің жұмысын жандандырып жүргендері де бар.
Сонымен аталған орталықтың басқадан басты ерекшелігі – қолөнермен айналысатын, атадан балаға мұра етіп, бүгінгі күнге жеткізе білер өз саласының үздіктерінің басын қосуда, «алтыдағы баладан алпыстағы қартқа дейінгі» қазақстандықтарды ұлттық нақыштағы тауарларымен қамтамасыз ете алуында. Барлық өнім мемлекеттік стандарт талаптарына сай болғандықтан жоғары сапада жасалады. Орталық ұлттық нақыштағы көйлектерге, мектеп және офис формаларына, арнаулы жұмыс киімдеріне, жеке қорғау құралдарына қолжетімді бағада тапсырыс қабылдауда.
Ұмыт қала бастаған ұлттық туындыларды жаңғыртып жүрген кәсіпкер Аида Әбдіқайымқызы әлеуметтік желіде тұтынушыға ұсынып отырған әр тауардың шығу тарихын, салт-дәстүрге қатысты маңызын түсіндіру арқылы жарнамалауды қолға алған. Ал бір рет тапсырыс берген жанның тұрақты тұтынушыға айналатыны сөзсіз. Ғимараттың ішінде орналасқан жасауы дайын киіз үй, алтыбақан – фотосессия үшін таптырмас локация ғана емес, жанды жайландыратын орын.
«Әдетте жас жұбайлар, отбасылық фотосессия жоспарлағандар бізге келеді. Кішкентай баладан қарт кісілерге дейін арнайы ұлттық нақыштағы киімді табуға болады. Мәселен, жеке фотосессияда ұлттық нақыштағы әшекей, сәукеле, жеңсіз, көйлек, етік 20 000 теңгені құрайды. Жас жұбайларға екі ұлттық образ қосып беріледі. Бағаға көпшіліктің қалтасына қарай келісім жасауға болады. Ең бастысы – бізде талғамға қарай түрлі образ бар. Жалға алудан бөлек дайын қазақы киімдерді сатып алуға немесе арнайы тапсырыспен тіктіруге болады», – дейді орталықтың атқарушы директоры Әли Кеңесұлы.
Сонымен бірге орталықтан суретшілердің картиналарын, қолөнер шеберлерінің сазбалшықпен жасалған дүниелерін көре аласыз. Тағамның құнарын сақтап, бойға бар нәрімен жеткізетін ағаш ыдыстар мен бұйымдар да бар. Жүзік, білезік, өңіржиек, алқаның да түр-түрін табасыз. Ал тапсырысқа сай, оюлы немесе өзгеше детальді көрпе, киімдерді тігуде «Barudan» мәшинесінің еңбегі зор. Оның тілін білетін білікті маман, Түркиядан арнайы шақырту арқылы келіп, орталықта қызмет ететін Мұрат Гүлтекиннің айтуынша, мәшине құрылымындағы бір шоғырбаста 12 дана ине бар. Компьютерлік бағдарламалау арқылы қажетті өрнектер оңай жасалады. Одан бөлек лазерлік кесу арқылы сурет, түрлі күрделі оюларды салатын тағы бір мәшине бар. Мұндай технология облыс бойынша осы орталықта ғана қолданылады.
Аида Әбдіқайымқызының осы бағытта іске асып жатқан тағы бір жобасы – «этно-ауыл» мәдени кешені. Өткен жылы ашылған этноауылда Қырғызстаннан алынған англо-араб, Ресейден әкелінген араб тұқымды екі жылқы бар. Туған күн сынды атаулы күнді осында өткізіп, достарыңызбен бірге киіз үйде тамақтанып, демалуға болады. Тіпті күнделікті күйбең тірліктен қажығанда демалыс ретінде садақ атуға келіп, жылқымен шауып, белсенді әрі ерекше уақыт өткізу мүмкіндік бар. Орталық та, этно ауыл да фотозоналық кешен ретінде қарастырылғанымен, ән мен күй төгіліп, сал-серілер сауық құратындай, қазақ боп туғаның үшін тағы бір мәрте қуанатындай ерекше жайлылық сыйлайды. Жылдар алға жылжыса да, жалықтырмайтын ұлттық ерекшелігіміз әр қазақтың бойынан табылады. Тек содан қол үзіп қалмасақ екен.
Сонымен бірге орталықтан суретшілердің картиналарын, қолөнер шеберлерінің сазбалшықпен жасалған дүниелерін көре аласыз. Тағамның құнарын сақтап, бойға бар нәрімен жеткізетін ағаш ыдыстар мен бұйымдар да бар. Жүзік, білезік, өңіржиек, алқаның да түр-түрін табасыз. Ал тапсырысқа сай, оюлы немесе өзгеше детальді көрпе, киімдерді тігуде «Barudan» мәшинесінің еңбегі зор. Оның тілін білетін білікті маман, Түркиядан арнайы шақырту арқылы келіп, орталықта қызмет ететін Мұрат Гүлтекиннің айтуынша, мәшине құрылымындағы бір шоғырбаста 12 дана ине бар. Компьютерлік бағдарламалау арқылы қажетті өрнектер оңай жасалады. Одан бөлек лазерлік кесу арқылы сурет, түрлі күрделі оюларды салатын тағы бір мәшине бар. Мұндай технология облыс бойынша осы орталықта ғана қолданылады.
Аида Әбдіқайымқызының осы бағытта іске асып жатқан тағы бір жобасы – «этно-ауыл» мәдени кешені. Өткен жылы ашылған этноауылда Қырғызстаннан алынған англо-араб, Ресейден әкелінген араб тұқымды екі жылқы бар. Туған күн сынды атаулы күнді осында өткізіп, достарыңызбен бірге киіз үйде тамақтанып, демалуға болады. Тіпті күнделікті күйбең тірліктен қажығанда демалыс ретінде садақ атуға келіп, жылқымен шауып, белсенді әрі ерекше уақыт өткізу мүмкіндік бар. Орталық та, этно ауыл да фотозоналық кешен ретінде қарастырылғанымен, ән мен күй төгіліп, сал-серілер сауық құратындай, қазақ боп туғаның үшін тағы бір мәрте қуанатындай ерекше жайлылық сыйлайды. Жылдар алға жылжыса да, жалықтырмайтын ұлттық ерекшелігіміз әр қазақтың бойынан табылады. Тек содан қол үзіп қалмасақ екен.
Фархад Орынбасар: Кәсіп бастамас бұрын бақытты болыңыз
«Well coffeе» ‒ қала тұрғындарының сүйікті орны. Ондағы тыныштық пен әдемі дизайн келушінің кофеден асықпай дәм татып, демалуына жағдай жасайды. Осы аптада біз «Well coffeе»-нің иесі Фархадпен бизнес және кофейня тақырыбында әңгіме өрбіттік.
‒ Фархад, «Well coffeе» жобасы қалаға келмес бұрын, Қытайда кәсіп бастағаныңыздан хабардармыз. Әңгімемізді «аспан асты еліндегі» кезеңдерден бастасақ. Қытай халқынан көп нәрсе үйренген боларсыз…
‒ Қаладағы №101 мектепте білім алып жүрген уақытта физика-информатика тақырыбында ғылыми жобалар жазумен айналыстым. Ал мектеп бітірер тұста ІТ саласы бойынша Қытай халық республикасының білім грантын жеңіп алып, оқуға түстім. Қытайдың Ухань қаласында бес жылға созылған студенттік кезең басқа мәдениет, өзге орта болған соң керемет өтті деп айта аламын. Қытай халқы білімге өте құштар. Мысалы, ел ішінде кітапхана көп десек те, 11-20 қабатты кітапхананың өзінен орын табу қиын болатын. Қытайда жүрген кезімде біршама кәсіпорын, зауыттарда жұмыс жасап, бизнес модельдерді үйрене бастадым. Одан бөлек кайдзен жүйесіне дағдыландым, себебі қытайлықтар жұмыс сапасы мен уақытқа аса қатты мән береді. Ухань қаласының өзінде 10 миллион халық тұрады, сондықтан бәсекеге де біздегіден әлдеқайда жоғары.
Кәсіп бастауда, жалпы қай істі болсын формула арқылы жасау керегін түсіндім. Мысалы, мектепте қанша жыл бойы ағылшын тілін оқысам да тіл үйрену деңгейім мақтанарлықтай болған емес. Бірақ Қытайға барған екі айда қытай тілін жетік меңгеріп алдым. Сонда түсінгенім, адам жаңа нәрсені үйрену үшін оған мәселе қажет. Адамға бір нәрсе шынымен қажет болса, ол мәселені мимен қоса жүрекпен қабылдайды. Осылай адам өзіне дағды қалыптастырып, білімді де тез сіңіре алады.
‒ «Well coffeе»-ні идеядан бизнеске айналдыруыңызға не әсер етті? Қазір кофеханалардың саны көбейгенін ескере отырып, «Well coffeе»-нің артықшылығын сұрағым келіп отыр…
‒ Білім мен ғылым саласында жүрген соң шетелге шығуға, эсперимент жасауға инвестиция қажет болды. Ал біздің мемлекет оған қолдау көрсете алмайтын еді. Сондықтан кәсіп бастау қажеттілігі туындады. Кәсіп бастауымның бірінші себебі осы болса, екіншіден кофені ерекше жақсы көретін болған соң кофейня ашамын деп шештім.
«Well coffeе»-ге дейін пластик жасап шығарумен айналыстым, одан бөлек мұғалімдерге информатика саласы бойынша курс өткіздім. Сол аралықта екі кітаптың авторы атандым. Біріншісі, қытай тіліндегі HSK тестін тапсыруға арналған 600 беттен тұратын сөздік жасап шығардық. Екінші кітап «Қытаймен бизнес» деп аталды. Алғашқы кезеңде Қытаймен бизнес жасаған соң, кәсіп бастаудың тиімді тұстарын, екі ел арасындағы нарық айырмашылығын және жас кәсіпкерлерге тілашар түрінде бастапқы ережелермен бөлістік.
Кофейняға келген кезде де курс үйренбей-ақ, бизнес бағытын сұрастырып жүріп жұмысымды бастап кеттім. Себебі ағылшында «First fall» деген ұғым бар, яғни «бірінші құла, сонда ғана қателікті түсінесің» деген мағына береді. Сол қағидаға сүйеніп, бизнеске тәуекел еттім. Қазір қалада кофейня саны көп болған соң, бәсекелестердің де болуы заңды. Бірақ мен бәсекелесі жоқ жерге барсам, ең қиыны сол болар еді. Өйткені бәсеке болған сайын нарықтағы айналым үлкейеді, соған сай сала да дами түседі. Бәсеке көбейген сайын тұтынушылардың кофеге деген қызығушылығы мен сұранысы артады.
Мысалы, «Well coffeе»-де қазір күніне орташа есеппен 40-50 кофе стакандары сатылады. Бірақ біз нарықта біріншіміз деп айта алмаймын. Бірінші орында «Global cоffeе» тұр, бізге нарықты солар ашып берді. Кофенің қалаға келгеніне екі жыл болса да, халық тез үйренісіп кеткенін байқауға болады. Статистикаға қарасаңыз, 2018 жылы Дубайдан Қазақстанға 318 тонна кофе түйіршіктері экспортталған, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш екі есеге көбейіп, 618 тоннаға жеткен. Бұл кофе сферасының дамып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан алдағы уақытта аэропорт жанында, орталық алаң аумағында кофейнялар ашу ойымызда бар, қазір осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.
«Well coffeе»-ні көпшілік франшиза деп ойлайды, бірақ біз кофейняның дизайнын өзіміз жасадық. Кофейняны ашпас бұрын өте көп анализ жасадық, жалпы жұмыстар үш айға созылды.
‒ «Well coffeе»-де қойылған кітаптардың тақырыбы да, түрлі жанрда болуы да көпке ұнауда. Жалпы жақсы кітап адам ойымен қатар өмірін де өзгерте алады. Осы орайда өзіңізге айрықша әсер еткен кітаптар жайлы айта өтіңізші…
‒ Иә, кофейняда келушіге барынша пайдалы болады-ау деген кітаптар қоюға тырыстық. «Қасым» баспасының, «Мазмұндама» қорының әдебиеттерінен бөлек, шетелдік әдебиеттер де таңдалды. Мысалы, ол жерде адамдардың ойлау жүйесі туралы жазылған «Mindset» кітабы қойылған. Қазіргі қоғамда адамдар әр нәрсені бір ойлайтын болған соң өз бағытын таба алмауда. Адам кәсіп бастамас бұрын психологиялық тұрғыдан бақытты болу керек, сонда ғана кәсібі нәтиже береді. Қазір көбісі бірінші табыс табайын, сосын бақытты боламын деп ойлайды. Бірақ мұндай қағида бойынша жүрген адамда деградация көп болады. Өйткені ол көп табыс табуды ғана ойлайды да, нәтиже қалағанындай болмаса өзін жоғалтып алады. «Mindset» кітабында автор ойлау жүйесін шектеулі және шектеусіз деп бөледі. Қазір қала халқы өте төмен деңгейде яғни шектеулі түрде ойланады. Бұл дегенміз көп адам белгілі бір қалыппен ғана өмір сүреді. Байқасаңыз, біздің ойлау жүйемізге сыртқа факторлар өте көп әсер етеді. Қазір ойлап қарасам, менің Қытайда емін-еркін білім алып, кәсіп бастауымның бір себебі сыртқы фактордың аз болуында екен. Ешкім мені жұмсай бермейді, өз уақытым өз еркімде. Өзім қалаған дүниені жасағандықтан менде жаңа нәрсені жасауға, үйренуге деген энергия пайда болыпты.
‒ Қазір кофейня қызметінен бөлек, қандай жаңа жобаларды қолға алудасыз?
‒ Кофейняның екінші нүктесін ашқалы бері бизнесте өзім жіберген қателіктер жайлы кітап жазудамын. Осы орайда форсайттық зерттеу жайлы айтқым келеді. Форсайт ‒ әлеуметтік-экономикалық дамуды ұзақ мерзімді жоспарлау және әртүрлі факторлардың әсерін бағалау әдістемесі. Өнеркәсіптің үлкен болжамын жасауға алғашқы әрекетті 1950 жылдары Rand корпорациясы жасады, кейінірек жапондар 1970 жылдан бастап әр бес жыл сайын технологияның даму болашағы туралы зерттеулер жүргізді. Форсайттық зерттеу барысында сіз бизнес идеяны тіркейсіз, жылдар бойғы нәтижесін көрсетіп, архивке сақтап қоясыз. Негізі идея ‒ керемет нәрсе. Қазір мен ойлаған идеяны жүз жылдан кейін басқа адам ойлауы мүмкін. Сол кезде ол адам форсайттық зерттеуді білмесе, бизнес жолын қайта бастап, қателесуі мүмкін. Соның әсерінен мемлекет те жылдар бойы дамымайды.
Қазір 3Д принтер бағытын дамытумен қатар, «Қытай тілін үйренудің ұтымды әдісі» атты әдістемелік құрал дайындаудамын. Сондай-ақ жастар үшін жұмыс жасайтын коворкинг орталығының жобасын жасаудамыз.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!