Қымбатшылықты қалай тежейміз?
Бүгінде азық-түлік бағасы аспандап тұр. Дүкен жағалаған жұртшылық дабыл қағуда. Әсіресе күнделікті тұтынатын картоп, сәбіз, күнбағыс майы секілді өнімдердің бағасы қымбаттап барады. Бұлардың өз елімізде өндірілетінін ескерсек, халықтың дүрлігуі заңдылық,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Еліміздің бірнеше өңірінде күнделікті көп тұтынатын көкөністердің бағасы жанармай бағасы көтерілгендіктен шарықтап кеткендігі тағы бар. Бұл жағдай жергілікті жұртшылықтың наразылығын тудырмай қойған жоқ. Әсіресе олар әлеуметтік желі арқылы өз ой-пікірлерін ашық білдіріп жатыр. Өткен аймен салыстырғанда, баға едәуір өскендігін аңғаруға болады.
Бұлар – маусымдық кезеңде қымбаттайтын көкөністер, сырттан импортталатын қант, қарақұмық жармасы секілді өнімдер, сондай-ақ күнбағыс майы секілді экспорттық сұранысы жоғары тауарлар. Азық-түлік бағасы қаламызда ғана емес барлық аймақтарда көтеріліп отыр.
Байқағандарыңыздай, министрлер баға төңірегіндегі жағдайға екі түрлі көзқарас танытып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі «мұның бәрі уақытша, жағдай реттеледі» деп сабырлық танытқанымен, Сауда және интеграция министрі бұған нақты кінәлі органдарды атап берді. Демек Үкіметтің жұмысында өзара үйлесімділік байқалмайды. Енді қайтпек керек?
Азық-түлік бағасы халық үшін басты мәселеге айналып отыр. Табыстың барлығы дерлік азық-түлікке кететін болды. Күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларынан бастап, жанар-жағармай, құрылыс заттары, ет, ұн, шай, жұмыртқа, күнбағыс майы, жем-шөп – бәрінің бағасы күн өткен сайын шарықтауда. Бірақ нарықтағы еселеп өскен бағаға сай халықтың да жалақысы өсіп, зейнетақысы мен жәрдемақысына үстеме мардымды қосылып жатқан жоқ. Нәтижесінде халықтың тапқан-таянғаны ішіп-жемнен артылмайтын, ертеңгі күнге артық жоспары жоқ, күнделікті тамақ табуы мұңға айналуы қалыпты жағдайға айналды.
Мәселен, бір жылдың ішінде күнбағыс майының бағасы 80 пайызға дейін қымбаттаған. Ал жалақы ең болмаса 20 пайызға да өспегенін ескерсек, халықтың тапқаны тамағынан не үшін артылмай жатқанын түсінуге болады.
Шын мәнінде базардағы баға одан әлденеше есе жоғары. Көкөністер мен жеміс-жидектердің де бағасы өсіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке дейін жетті. Шынайы баға мен ресми статистика үйлеспейтіндігі тағы бар.