Білім саласында 2,6 млрд теңге жымқырылған

2 024

Күдіктілер 2020-2023 жылдар аралығында білім саласында жұмыс істемейтін адамдардың шотына ақша аударған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Түркістан облысында білім саласының қызметкерлері 2,6 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Шардара және Сарыағаш аудандары білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

"Күдіктілер 2020-2023 жылдар аралығында білім саласында жұмыс істемейтін адамдардың шотына ақша аударған, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеген. Жымқырылған қаражат – 2,6 млрд теңге", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Қазіргі уақытта 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, олардың 4-і қамауға алынды.

"Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автокөлік, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаты бұғатталды", - дейді Антикор.

Сонымен қатар тергеу барысында Түркістан облысы тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленген.

"Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін жасырған. Сондай-ақ Жетісу облысында 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңге жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топ - қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды", - деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.


Қылмыстық топта басшы мен оның қарамағындағылар және орта мектеп бухгалтері болған.