Қызылордада мектеп ішінде оқушылар жаға жыртысқан
Қызылорда қаласында №261 Серәлі Лапин атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары мектеп әжетханасында жұдырықтасқан, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Үстіміздегі жылы облыс әкімдігімен бірлесіп өткізілген кеңейтілген отырыста мектептердегі қауіпсіздік мәселелері бойынша прокурорлық тексерудің нәтижелері айтылған болатын. Облыс прокурорының орынбасары Дүйсенбаев Нұрболат Серікұлы прокуратура тарапынан мектептерде жүргізген тексерулер нәтижесінде мектептерге бөтен адамдардың кіріп шығу жағдайына эксперимент жасалып, ғимаратқа еш кедергісіз қару жарақ және басқа да тыйым салынған құралдармен еркін кіріп шығуға болатынын айтты.
Прокуратура тарапынан жасалған ескертуге мектеп басшылығы нәтиже шығармаған секілді.
Айтылғаны сол екен, №261 Серәлі Лапин атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушыларының жанжалдасуы мектеп әжетханасында жұдырықтасумен аяқталған.
Ол аздық еткендей әрекеттерін видеоға түсіріп таратқан.
Мектеп қабырғасында орын алған жағдай бүгінде Қызылорда қалалық Полиция басқармасының бақылауында екені белгілі болды.