Қазіргі кезде дәнекерлеуші мамандығының құрылыс саласында сұранысы өте жоғары, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Өндіріс үшін бұл ауадай қажет мамандық. Сөйте тұра, жұмысшы кадрлар мен жас шеберлер тым тапшы. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда мұнай-газ кен орындарын игеру мен құрылыс саласы қарқын алғаны мәлім. Соңғы жылдары экономиканың осы қос саласында дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін адамдар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тұрғыны Сақтаған Назарбай.
Бала жасынан дәнекерлеу ісіне жақын болып өскен Сақтаған Қарашұлы Қазалы қаласындағы ПТУ8 кәсіптік мектебінің «Дәнекерлеу» бөлімін тәмамдаған соң, өзі туыпөскен ауылында тұрғындардың тапсырысы бойынша түрлі жұмыстарды атқарады. Бірақ қолында заман талабына сай құрылғылар болмаған соң, ол кәсібін әрі қарай дамыта алмайды.
Міне, оның арманы да орындалар уақыт келіп жетеді. Қазалыдан отбасылық жағдаймен Ақай ауылына қонысын ауыстырған ол көп ұзамай бала кезден алдына мақсат етіп қойған кәсібін дамытуда ауылдық әкімдік мамандарының қолдауымен мемлекеттің жұмыссыз азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтудағы бағдарламаларына қатысуға бел буады.
Өткен жылы ол мемлекеттің қолдауымен ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатындағы бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Ұлттық жоба аясында «Дәнекерлік ісі» жобасын қорғап, қайтарымсыз грант жеңіп алды.
Бүгінде ол электрмен дәнекерлеу бойынша ауыл тұрғындарының темір қақпа, есік, әткеншек, киім ілгіш, басқа да темірден жасалатын түрлі бұйымдарды сапалы әрі уақытылы орындап беріп, құрметке ие болуда. Сонымен қатар шебер аргон, кемпи және плазмалық әдісімен дәнекерлеу ісі арқылы ауыл тұрғындарының тапсырыстарын орындауда.
"Бұл кәсіппен бала кезден шұғылданып келемін. Осы мамандық бойынша арнайы білім алдым. Ол бүгінде өміріме серік болды. Осы кәсібім арқылы нәпақамды тауып отырмын. Қақпа, есік сияқты көптің қолы жете бермейтін тұрмысқа қажетті бұйымдарға тапсырыс көп. Әрине, олар дүкенде өте қымбат тұрады. Сосын кейбірінің сапасына да көңіл толмайды. Ал, менде олар арзандау. Мектептерден де парта, басқа да темірден жасалған бұйымдарды дәнекерлеп беріңізші деп келіп жатады. Оларға да көмектесеміз. Кейде самаурын, шәйнектерді де алып келеді. Қалайша көмектеспейсің. Қазір ауыл тұрғындарының жаздық сәкіге де сұранысы артуда. Кейде көрші балалар велосипедін сүйретіп келеді «Көке мына жерін дәнекерлеп берші» деп. Ауылдық әкімдік қолдау жасаса алдағы уақытта кәсібімді кеңейтуге де жоспар бар. Заман талабына сай дәнекерлеу шеберханасын ашып, оны заманауи үлгідегі құрылғылармен қамтысам ба деймін. Әрине ол алдағы уақыттың еншісінде", – дейді дәнекерлеуші Сақтаған Назарбай.
Бүгінде Қармақшы ауданындағы кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындарға қайтарымсыз грант негізіндегі қаржылар, жеңілдетілген несиелер бөлу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Осылайша адалдық пен ерінбей еңбек етуді мақсат еткендер шағын кәсіптен-ақ көктеп, көгеріп отыр.
"Ауылымызда Сақтаған Қарашұлы сияқты дарынды азаматтар жетерлік. Олардың арасында түрлі мамандық бойынша дәнекерлеу, темір және ағаш ұсталары, шаштараз бен етікші, сағат жөндеуші, тіпті атбегілер, басқа да өз ісінің шеберлері еткен кәсібінің нәсібін тауып отыр. Бос уақытын тиімді пайдаланып, ауылымыздың өркендеуіне атсалысып жүрген дарынды жастарымызға қолдау көрсетуде де жұмыстар атқарылуда. Ауылдағы жұмыссыз тұрғындарға қашанда қолдау көрсетілуде. Олардың мал, құс, ауыл шаруашылығымен айналысуына, орта және шағын кәсіпкерлікке бейімдеуге әкімдік тарапынан әрқашан кеңесімізді беріп, жобалар қорғауға атсалысамыз. Оған дәлел, бүгінде дәнекерлеу ісі бойынша мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алған ауылдасымыз Сақтаған Назарбай өзінің кәсібі арқылы нәсібесін тауып отыр. Ауылдастарының дәнекерлеу ісі бойынша тапсырысын сапалы әрі арзанға орындап жүрген ол да, ауылдастары да дән риза. Екі жылдың көлемінде округте дәнекерлеу ісі бойынша ғана емес, жиһазбен айналысатын да, мүйізді ірі қара мен жылқы малын бордақылап өсірушілер саны да көбейді. Тіпті күріштен тәттілер өндіруші, адамға керекті тұрмысқа қолданатын, тұтынатын өнімдер өндіретін, басқа да сала бойынша кәсіпкерлер саны да күнненкүнге артуда", – дейді Ақай ауылдық округінің әкімі Эльмира Қазиева.