Ауылын абаттандырған азамат
Жалағаш ауданында күрежолдың бойында еңбек деген еңсесі биік елді мекен бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұрынғы аққошқардың бүгінгі келбетіне қарап көз сүйсінеді. Әрине ауылдың мұндай кейіпке енуінде үлкен еңбектің ізі жатыр. Соған қарап атына заты сай елді мекен бе деген тұжырымға келесің. Дана қазақ “ауылына қарап, азаматын таны” дейді. Бұл сөз ауылдағы тұралаған шаруашылық жұмысын ширатып, туған жердің түлеуіне һәм түрленуіне білек сыбана атсалысқан аққошқарлық шаруагер Шакизатхан Ысқақовқа қаратып айтылғандай.
Еңбекпен еңсе тіктеген атпал азаматтың туған жерге тағзым ретінде өтеген борышын бұған дейін де бірнеше мәрте жариялаған едік. Алайда Шакизатхан Ысқақовтың ауыл әлеуетін арттыру бағытында қолға алған жобалары әлі де өз мәресіне жеткен жоқ. “Кең болсаң, кем болмайсың” деген қанатты сөзді қаперге алған төраға бір ғана шаруашылықпен бүтін бір ауылдың қажетіне жарап жатыр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын “Еңбек-Жер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған Шакизатхан Ысқақов сол уақыттан бері ауыл шаруашылығы бағытында тынымсыз еңбек етіп, Аққошқардың күрішпен кірісін еселеп отыр. Ауылды абаттандыру мақсатында атқарған жұмыстарын қазір кеңінен тарқатсақ, Еңбекте таңды таңға жалғап жазатын тың дүние көп. Бастысы соның бәрі халықтың көңілінен шығып, тұрғындардың қажетіне жұмыс жасап тұр.
Иә, қолда барды көппен бөлісу – екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ. Былтыр да қамбасы алтын дәнге толған серіктестік төрағасы толайым табысты сол кеңпейілділігімен байланыстырады. Осыған дейінгі жеткен жетістігін әріптестерінің һәм ауылдастарының тынымсыз еңбегімен ұштастырған төраға бір жылдары күзгі науқанның қорытындысында дала дарабоздарына 72 млн теңге сыйақы үлестірді. Оның ішінде 6 еңбек адамы сужаңа темір тұлпар тізгіндесе, бірнеше отбасы жаңа баспанада қоныс тойын тойлады. Мұнан бөлек ала жаздай атыз басында тынымсыз тер төккен бірнеше еңбек адамы 5 млн теңгеге дейін қаржылай сыйақыға ие болды. Бұл тек ұжымның ғана еңбегін бағалау емес, осынша қаржыны ауылдастарына үлестіру арқылы төраға тұрғындар әлеуетінің артуына да өзіндік үлесін қосып отыр.
Ауылдағы серіктестік былтыр да науқан қорытындысымен толайым табысқа қол жеткізіп, нәтижесінде аққошқарлықтардың бірлесе атқарған еңбегі зая кеткен жоқ. Әр гектардан жоғары өнім алған күрішшілер мен сушылар, механизаторлар биыл да сыйақыдан құр қалмады. Әдеттегідей дәстүр сабақтастығын жалғай білген Шакизатхан Ысқақов дала дарабоздарының бірқатарына сужаңа темір тұлпар үлестірсе, қаншама отбасы тағы да қоныс тойын тойлайтын болды. Міне, елі еңбек етеді, ал ері сол адал еңбекті бағалап отыр. Мұндай ымырамен күн кешіп жатқан ауылдың болашағы жарқын, келешегі кемел боларына ешкімнің дауы жоқ.
Ел үшін еңбек еткен ерді кім жек көрсін. Кәсібінің көкжиегі кеңейген сайын туған жердің түлеуіне тер төккен Шакизатхан да ауылдастарының алғысына бөленуде. Олай болуы да заңдылық. Ауылдағы жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созып, материалдық көмек беруді атпал азамат дағдыға айналдырған десек, артық айтқандық болмас. Бірнеше жылдан бері серіктестік төрағасы ауылда қайтыс болған кісілердің отбасына көмек беріп, ораза, айт секілді дәстүрлі мерекелерде аққошқарлықтарға ұн, күріш секілді басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді тегін үлестіріп келеді. Тіпті мұндай шараларды жүзеге асыру үшін серіктестіктің арнайы құжатын әзірлеп қойған.
Ауыл мақтанышы қайда жүрсе де “Еңбектің еңсесін тіктеуде басқа да нендей жобаларды жүзеге асырса болады?” деген сауалға жауап іздеумен болды. Бүгінде бір ғана сауалдың шешімін табуда атқарылған жұмыстардың жемісін бүкіл ауыл көріп отыр. Еңбектің халқы бұрыннан өнерге, білімге, мәдениетке бейім ғой. Десе де жастардың бойындағы осы шығармашылықты дамытуға дем беру мақсатында Шакизатхан Ысқақов қолдауын аяған емес. Соңғы 7-8 жылда ауылдағы білім ошағын үздік тәмамдаған оқушыларға велосипед сыйға тартса, аудан мақтанышына айналған Еңбектегі “Әжелер” ансамбліне де жыл сайын қаржылай қолдау көрсетіп келеді.
Қытайдың Ухан қаласынан бастау алған вирус біздің елге де үлкен шығын алып келгенін жақсы білеміз. Осы тұста көптеген аймақтан шыққан іскер азаматтар індетті ауыздықтау мақсатында қаржылай қол ұшын созды. Бұл мәселенің алдын алуда да Шакизатхан қарап қалмады. Вируспен күресу мақсатында “Еңбек-Жердің” жұмысшыларына, ауылдағы жағдайы төмен 23 отбасына қаржылай көмек көрсетті. Мұнан бөлек ауылдық емханаға 5 млн теңгенің заманауи медициналық аппаратын сыйға тартты. Ал қазіргі білім беру жүйесінің онлайн форматқа көшуіне орай көптеген оқушыға тегін планшет сыйға тартты.
Төрағаның бұл сөзінің растығына серіктестік тарапынан атқарылған шараларға қанық болған кез келген адам күмән келтірмесі анық. Себебі қиын-қыстау кезеңде жұртының жанынан табылған туған жердің төл перзенті расында ауданда вируспен күресуде өзінің қолдауын аяған емес.
Апта соңында ауылға қайту үшін алдымен Еңбектің үстімен өтеміз. “Абаттанған ауылдың аз ғана уақытта мұндай кейіпке енуіне не себеп?” деген сауалды тұрғындардың қай-қайсысына да жолдасаңыз әңгіменің әрісін “Еңбек-Жер” ЖШС-нан бастайды. Иә, шынында бір ғана шаруашылық бүтін бір ауылдың көркейіп көгалдануына айтарлықтай қолғабыс етіпті. Ендігі сөзімізді өңірде “Еңбек-Жердің” демеушілігімен жүзеге асқан жобалар төңірегінде жалғайық.
Серіктестік төрағасының туған жерге жасап жатқан осынша қолдауы алдымен мешіт құрылысынан басталыпты. Ауылдағы имандылық үйінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізген Шакизатхан Ысқақов кейін орталықта балалардың ойын алаңдарын көбейтеді. Шаруашылық жұмысы ширап, кіріс көзі артқан бойда Еңбекті көркейтіп көгалдандыруды мақсат етеді.
Шаруашылық демеушілігімен өз жұмысын бастаған ауыл орталығындағы кешен тек аққошқарлықтарға ғана емес, көршілес Есет батыр мен Жаңадария ауылының да игіліне жұмыс жасады. Оған дейін той-томалақ, құдайы ас секілді дәстүрлі жиындарды өткізу үшін үш ауылдың халқы аудан, қалаберді облыс орталығына сабылатын. Қазіргі таңда бұл кешеннің сауда орталығы қолжетімді бағада ауыл тұрғындарына қызмет етуде. Өңірді көркейтуді қолға алған атпал азамат мұнан бөлек Т.Дәуітбаев атындағы орталық көшенің тұрғын үй аулаларын қоршауға өз қаражаты есебінен 4,5 млн теңге бөлді. Қазіргі таңда қос беті мұнтаздай таза ауылға кіре беріс көшенің келбетіне көз сүйсінеді.
Былтыр ел тайқазанынан қаралған және облыс қазынасынан бөлінген қаражатқа Еңбекке кіре беріс 8 шақырым жолға асфальт төселген болатын. Бұл жолдың да бұрынғы мәселесі тек Еңбекке ғана емес, көршілес Есет батыр мен Жаңадария халқына аудан және облыс орталығына қатынау қиындық тудырған еді. Толық жөндеуден өткен тасжолдың бойына күрежолдан ауылға дейін “Еңбек-Жер” ЖШС-ның демеушілігімен жарық жүргізілді. Шакизатхан Ысқақов жарық жүргізу жұмыстарына 16,5 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың абаттануына 1 жылда 65 млн теңгеге жуық қаржы бөліп отыр.
Ауданнан шалғай жатқан Жаңадария ауылына жол түсіп, жағымды жаңалықты құлағымыз шалып қалды. Осыған дейін көптеп, көмектеп ауыл азаматтары елді мекенде имандылық үйінің құрылысын бастап кеткен. Аллаға шүкір, ауыл мешіті қазіргі таңда жергілікті халықтың қажетіне жарап тұр. «Бұл нысанның құрылыс жұмыстары әлі де ұзаққа созылады ма?» деген сауал ауыл ақсақалдарының да көңілін күпті қылып қойған уақытында. Мұны естіген Шакизатхан Ысқақов Жаңадариядағы мешіт құрылысына деп 1 млн теңге қаржыны ауыл ақсақалдарына табыстап кетіпті.
“Кең болсаң, кем болмайсың” дейді қазақ. Қазекеңнен қалған бұл қанатты сөздің растығына өз басым Шакеңнің болмысына қарап-ақ көз жеткіземін. Қолда барды көппен бөліскен сайын ісі де алға басып жатыр. Сыр топырағының қай бұрышын да жатсынбаған атпал азамат осылайша көршілес ауылдарға да қол ұшын созып жатыр. Жомарттығымен жұртының ыстық ықыласына бөленген ағамыздың Алла қай ісіне де береке бергей.
Шакизатхан Ысқақов жаңадариялықтарға қолғабыс етумен шектелген жоқ. Ол кейінгі буынға да осы бір қадамымен оң бағыт беріп отыр. Мұны зердесіне тоқыған өскелең ұрпақтың алдағы уақытта туған жерге тер төкпесіне кім кепіл. Қамбаны алтын дәнге тасытып, Сыр салысынан тау тұрғызған арда азаматқа жаңадариялықтар ғана емес, бүкіл аудан халқы алғыс білдіреді.