СЕРМАҒАМБЕТОВ СЕРТ БЕРІП, ОҢҒАРБАЕВ ОРЫНДАЙ АЛМАЙ ОТЫР?...

5 330

Арал ауданына қарасты Тоқабай ауылында апатты жағдайдағы білім ғимаратының орнына жаңа мектептің құрылысы басталады деп сүйіншілегеніне үш жылдан асты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы күй кешіп отырған ауыл халқын зор қуанышқа бөлеген сүйінші жаңалық болатын. Алайда, халықтың үміті әлі күнге дейін ақталмады.

Арал ауданындағы білім ордасының жай-күйі көпті алаңдатуда. Қарқынды басталған құрылыс нысаны жар ортаға жетпей тоқтап, бүгінде жас ұрпақтың жайлы білім алуына жағдай жасалар емес.

Жалпы бұл ауылға жаңа білім ордасы 2018 жылы салынып, пайдалануға берілген болатын. Алайда, құрылыс жұмысына деген салғырттықтан болар, «қу кетті, іс бітпеді» дегеннің кері келіп, аталмыш мектеп араға көп уақыт өтпей апатты деп танылды. Айдың-күннің аманында қабырғалары қақырап, білім алуға жарамсыз күйге түсті. Соның салдарынан жаңа білім ошағын қайта салуға шешім қабылданған.

Сол кездері аудан әкімі болған Серік Сермағанбетов Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты Тоқабай елді мекеніндегі №248 мектеп ауласында ауыл ақсақалдарымен кездесіп, мектепке қатысты өзекті мәселені талқылағаны ел есінде. Тіпті елді мекендегі өзекті мәселе мектептің апатты жағдайда тұрғаны деп басты назар аударған экс әкімнің әрекетін баспасөз беттерінде  жарыса жарияланған болатын.

Жергілікті халықтың айтуынша, ауылда 153 бала екі ауысыммен білім алуда. Бүгінде әкімшілік ғимаратынан жеті бөлмені сынып ретінде жабдықтап берген.

Сақалды нысанға айналған білім ұясының құрылысы 2021 жылы бастау алады. Жеке кәсіпкердің ықпалымен қолға алынған құрылыс жұмыстарына ауыл халқы тартылыпты. Алайда құрылыстың аяқсыз қалуына байланысты, ауыл тұрғындары нәпақасынан бір қағылса, балғындардың жаңа білім ұясында білім аламыз деген арманы да көзден бұл-бұл ұшқандай.

"Ауылымыздағы мектеп құрылысы қалай басталды, солай тоқтады. Үш жылға жуық уақыт өтсе де бітер түрі көрінбейді. Ал балаларымыз ауыл әкімдігінің ғимаратында өлместің күйін кешіп, білім алып жұр. Бұл жайында талай мәрте айтып та, жазып та шағымдандық. Бірақ жұмыс жалғасатын түрі көрінбейді.", -дейді ауыл тұрғыны.


Бұл мәселе туралы Арал ауданы әкімдігінің ашық дерек көздеріндегі ақпараттардан іздестіріп көрдік. 

«Тоқабай елді мекеніндегі 1 қабатты 100 орындық №248 орта мектеп құрылысы 2022 жылы маусым айында демеуші есебінен басталған. Құны 500 млн. теңгені құрайтын жобаға тапсырыс беруші Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болып табылады. Нысан құрылысын «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде. Қажетті құрылыс заттары толық жеткізілген. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін жұмыс аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Негізінен нақты уақытта мердігер Қазалы ауданында бір нысанның құрылысын жүргізіп жатыр. Сондықтан Тоқабайдағы мектеп құрылысы кішкене тұралап тұр», – деген аудан әкімдігі баспасөз қызметінен жауап жазылған екен.


Ал Арал аудан әкімдігіне арнайы байланысқанымызда мектеп құрылысына Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы жауапты сол жақтан толық ақпарат аласыз деп жылы жапты. 

Алайда аталмыш басқарма басшысының орынбасарының айтуынша, 

«Арал аудан әкімдігі тікелей жауапты. Мектеп кәсіпкерлер тарапынан  салынып жатыр. Біздің еш қатысымыз жоқ. Бюджет тарапынан салынбағандықтан, мектептің құрылысына бақылау жүргізе алмаймыз. Жеке қаражатқа салынып жатыр. Аудан әкімдігінің тікелей бақылауында. Біздің басқармаға еш қатысы жоқ.», - дейді Өтегенов Қуаныш Зинадинұлы.


Бұған дейін аудан әкімдігі берген мәліметке сәйкес жырға айналған мектеп құрылысы өткен айдың ішінде қайта жанданып, жаңа оқу жылына дейін оқушыларға есігін айқара ашады деп сендірген болатын. Алайда, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде әлі тұр дейді тұрғындар. Тоқабай жұрты жаңа мектеп құрылысын жаңа оқу жылына дейін бітіретініне күмәнмен қарайды.

Осы орайда айта кетейік бұған дейін Тоқабай ауылындағы 11 сынып оқушылары түгел мемлекеттік грант иегерлері атанып, айды аспанға шығарған болатын. Әкімшілік ғимаратында әупірімдеп білім алып жүрген балғындардың осы жетістігін қаперге алсақ, заманауи, әрі сапалы білім ордасы ауыл балаларының деңгейін бұдан да арттыра түсері сөзсіз.