Есірткі таратумен айналысқан кәмелетке толмаған бойжеткен ұсталды

1 508

Фото:© Видеодан скринАлматы қаласында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кәмелетке толмаған қызды есірткі таратуға қатысы бар деген күдікпен ұстады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы 2026 жылғы 2-ші тамызда қалалық ПД баспасөз қызметі мәлімдеген. Ведомство мәліметінше, Медеу ауданында полицейлер такси көлігін тоқтатқан. Көлік ішінде үш кәмелетке толмаған қыз болған. Жедел мәліметтерге сәйкес, олардың бірі есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратумен айналысқан.(Видео)

"Қалған екі қыздың бұл әрекеттен хабардар болған-болмағаны және олардың ықтимал қатысы тергеу барысында анықталады",- деп мәлімдеді полицейлер.

Жеке тінту кезінде күдіктіден түрлі түсті оқшаулағыш таспамен оралған көптеген түйіншек тәркіленген. Олардың ішінен өсімдік тектес заттар және алдын ала мәлімет бойынша кристалл түріндегі синтетикалық есірткі анықталған. Күдікті өз түсініктемесінде есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратқанын мойындаған.                     

 Полицейлер жасөспірімді қылмыстық әрекетке кімнің тартқанын, есірткінің жеткізу арнасын және заңсыз схеманы ұйымдастырушыларды анықтап жатыр.  Кәмелетке толмаған қыздың мұндай жолға түсуіне не себеп болғаны, ата-анасының бақылауы мен тәрбиесіне қатысты жағдайлар жан-жақты зерделенуде. "Полиция ата-аналарды балаларының бос уақытын, интернеттегі байланысын және араласатын ортасын назардан тыс қалдырмауға шақырады. Өйткені жеңіл табысқа деген қызығушылық кейде баланың бүкіл тағдырына ауыр салдарын тигізуі мүмкін".