КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ АҚЫЛЫ ЖОЛҒА ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРУДЕ

1 392
23 қарашадан бастап, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” 
ха­лық­а­ралық транзиттік көлік дәлізі де ақылы жолдар қатарына енді, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі тек Батыс пен Шығысты байланыстыратын “Ұлы Жібек жолының” заманауи көрінісі мен жалғасы ғана емес. Ол бүкіләлемдік экономикалық жаңғырудың  «Алтын көпірі» іспеттес. Аталмыш автомагистральдың салынуына қыруар қаржы  жұмсалатындығы да анық. Осы орайда, мемлекетіміздің тарапынан қарастырылмаған қомақты қаржыны Бү­кіләлемдік банк, Ислам банкі, Азия және Еуропа банктері сынды батыл қадамдарға баратын, қаржы құю саласында ең мықты қаржы құрылымдары болып есептелетін банктердің көмегіне жүгінуге тура келген. Жоғарыда аталған банктер 422 млрд. теңге қаражат құйғандығы да жасырын емес. Сөйте тұра, өзге елдердің қаржыландырылуымен бой көтерген «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолын ақылы жолдардың қатарына енгізілуі қалай? Жүрмеген жолмен жүрдіріп қойатын сенімсіз бейнебақылау камераларының да шынайылығына шүбә келтірген жүргізушілер өз наразылықтарын білдіріп отыр. Ол аздық еткендей, 5 күнтізбелік тәулік ішінде төленбеген ақылы жол үшін 5 АЕК айыппұл салынатындығын  ескерген жөн.

Жалпы, жолдарды ақылы ету мақсатында 20
15 жылы «Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолын (жол учаскесін) ақылы негізде пайдалану туралы» Заң қабылданған болатын. Ал, үстіміздегі жылдың 10 қарашасында қабылданған бұйрыққа «Тараз – Қайнар», «Қапшағай - Талдықорған», «Нұр- Сұлтан - Павлодар», «Шымкент - Қызылорда», «Шымкент - Тараз», «Шымкент - Өзбекстан», «Щучинск - Көкшетау» жолдары еніп отыр. Десек те, ақылы жолдардың төлемі, бұйрық шыққан күннен 10 күнтізбелік күннен кейін жүзеге асатындығы да көрсетілген. Ал, ақылы жолдардың салынуы еліміздің қазынасынан жолды күтіп ұстауға бөлінетін шығынды азайтады дейді-мыс. «ҚазАвтоЖол»  Ұлттық компаниясы АҚ  мәліметінше жолдарды күтіп-баптау да қыруар қаржыны қажет етеді екен. Сондықтан елімізде белгілі бір жүріп өту төлемін талап ететін ақылы жолдар пайда болған. Заң бәріне тең. Олай дейтініміз, мемлекеттік мекемеге тиесілі автокөлітермен қатар ақылы жолдың бойымен жүріп өткен отандық автокөліктер ғана емес, ресейлік, корейлік, өзбекстандық, қырғызстандық, тіпті шетелдік нөмерлі авткөліктерде ақылы жолдың шығынын төлеуге мәжбүр. Төленбеген жағдайда айыппұл өндірілетіндігі тағы бар.
“Енді бізге жеңілдік ештеңе жасалмаса, біз жұмыс істеуді доғарамыз. Болмаса, ақша төлемейтін жағына шығамыз. " ҚазАвтоЖол" осылай халықтың қалтасын қаға беретін болса, өзімізге басқа тегін жол салып аламыз”, –  дейді жүк көлігінің жүргізуішісі Мұхамеджан Ахметов


Шындығында Алматы қаласынан Қызылорда қаласына  бағыт алған азық-түлік тасымалдаушы жүк көлігі үшін  1 км – 25 теңгеге тең екен. Дәлірек айтқанда, «Алматы-Тараз» - 5940 теңге, «Тараз-Шымкент» - 2190 теңге ал, «Шымкент – Қызылорда» бағыты бойынша ақылы жол – 11 050 теңгені құрайды екен. Яғни,  19 180 теңге төлеуге тиіс болады екенсіз. Күн көріс көзіне деп тапқан таянғанын ұзақ жолда жүретін жүргізушілердің табысы ақылы жолдармен-ақ кететін сыңайлы. Осы орайда, Қызылорда облысындағы жүздеген жүк көлігінің жүргізушілері халықаралық тасжолдың бойына жиналып,  наразылықтарын білдіруге жиналған болатын. Жуырда іске қосылған ақылы жолдағы бейнебақылау камералары мүлде дұрыс орнатылмағандығы, жүрмеген жеріңе  ақы төлеп, шығынға шаш етектен батып жатырғандығын жеткізген болатын.


«Жүрмеген жолымыз үшін ақша алу, қарапайым халықты қанаумен бірдей. Қызылордадан  шыға берістегі бейнебақылау камерасы мен келесі аймақтағы камераның арасы 100 шақырым. Егер көлік осы камера тұсынан өтсе болды, келесі аумаққа дейінгі аралықты жүрсе де, жүрмесе де осы 100 шақырымның ақшасын төлеуге міндетеп қойған. Бұл әділетсіздік қой. Халықты қанаудың бір тәсілі бұл»,- 
дейді жүк көлігінің жүргізушісі Әділхан Жаппасов.

 
Айта кететін тағы бір жәйт, жүк көлігінің жүргізушілері ғана емес, жеңіл көлік жүргізушілері де жаңа қаулыға қарсылық білдіріп отыр. Осы орайда: 


«Біздің салиқалы үкіметтің соқыр саясаты шаршатты енді ақылы жолдардың қатарына Қызылорда  мен Түркістанды ендіріп, құны  330 теңге етіп бекітіп қойған екен. Мен жұмыс бабымен Түркістан қаласына жиі қатынайтын едім. Барып келуіміз жанармайымыздан бөлек 1000 теңгеге жуықтап отыр. Қалтамызды қағуын қоймайтын билік қалай әрекет етіп отыр. Осыдан кейін азық-түлік бағасы да шарықтайды ғой, қымбатшылықтың көкесі енді келеді, қара халықтың жағдайын қайтсін, өздерінің қанжығалары майланса болды ғой», - 
деді жеңіл көлік жүргізуші Акбаров Садир

 
Заң бойынша жолдың бір бағыты үшін бекітілген төлем құны төмендегідей:

Ресей мен Қазақстан арасындағы жүк көлігінің тауар тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің де жағдайы мәз емес, бірі:

«Мен тіпті түсінбедім 1000 рубль мен Ресейдің барлық жолымен жүріп шығамыз Саратов пен Краснодарға кететін шығынды 2,5 есе көбейтіп отырғандығы не масқара? Қалай төлем жасалып жатыр? Төлемесеңіз көбейіп кетеді екен деп дүрліккен жүргізушілер төлеп әлек. Ертеңгі күні қайта шығып, кетпесіне кім кепіл? Әй-шәй жоқ бас салып, соқырға таяқ ұстатқандай жіберді. Мен Қызылордадан шығып, Краснодарға жетуім үшін бір баруымның өзі 50 мыңға жуықтайды екен. Қаншама жыл жолда жүріп, мұндай сорақылықты көрмедім. Қайтарымда әкелетін тауар болмаса тағы қиын. Үкімет басындағылар   бұйрық шығармас бұрын неге талқыға салмаған? Халықтың жағдайын есепке алмай, өздерінің шығарған бұйрықтарының елге тиер пайдасы болмаса, керегі қанша?  Осыны біздің үкімет ойластырмай ма? Сол төленген қаржыға сәйкес жұмыс жасалатынына күмәнім бар»,-
деді  «КАМАЗ» жүк көлігінің  жүргізушісі Оразхан Мұстафаев 

Бәрін айтта, бірін айт демекші, осы тұрғыда көп қойылатын сауалдардың бірі, енді Жолға не үшін ақша төлейміз? Ондағы елді-мекендердің төрт түліктері бей-берекет автомагистральды жолдардың үстімен жүруіне тыйым салынбаса, төленген қаражаттың бір пайдасы болмаса несіне ақылы етті? 
Сонымен қатар, ақылы жолдардың кім үшін ақысыз екендігі де айқындалды. Атап айтқанда, Жедел жәрдем, Төтенше жағдайлар көлігі, Әскери көліктер мен Патрульдік жол полициясы және Патрульдік  полиция көліктеріне жүру ақысыз екендігі көрсетілген. Жүргізушілердің қойған жалпы талабы мен мақсаты: бір реттік төлем енгізілсін, - деген болатын. Ал "ҚазАвтоЖол" өкілі жүргізушілердің  шағымдарын елордадағы орталыққа жеткізілді тиісті шаралар қарастырылатындығын алға тартты. Десек те, нұрлы жол емес, ұры жол  болды,  деген халық санының артып жатқаны желіде айқын байқалады. 
 
редактор,
Айгерім РАХЫМЖАНҚЫЗЫ