Оқушылар мен студенттердің діни құлшылық жасауына заңмен тыйым салу керек – Ерлан Төлеутай

313
Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай оқушылар мен студенттердің діни құлшылық жасауына заңмен тыйым салу керек деген мәлімдеме жасады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

«Таяуда бір мұғаліммен əңгімелесіп, ораза жайында сұрадым. «Не істерімізді білмейміз» деп қынжылады мұғалім: – Оқушылар сабаққа дайындалмай келеді, ораза ұстайтынын міндет қылады, оларға бірдеңе дейін десең, ата-аналары «балам ораза ұстап жүр, басын қатырмаңдар» деп арсылдап өзіңмен ұрыссады. Ал мектептерде ораза ұстау жылдан жылға «мода» болып келеді, ораза ұстамаған бала діншіл тұрғыластарының қысымына ұшырамау үшін еріксіз ауыз бекітеді дейді. Мұғалиманың сөзі мені еріксіз қайран қалдырды. Иə, мектептерге «зонаның» яғни түрменің, қылмыс əлемінің жүйесі ене бастаған. Тіпті абақтыларға мектептерден «греб» жинайтын топтар бар көрінеді. Бұл енді сұмдық қой!»,- деп жазды Ерлан Төлеутай өз парақшасында.

Сондай-ақ, ол кей оқушылар мектептегі жауапкершіліктен қашу үшін ораза ұстайтынын алға тартты.

«Көзі қарақты, əсіредіншілдіктен аулақ, діни санадан азат мұғалімдердің пікіріне сүйенсек, кейбір оқушылар оразаны сабақ оқымау, мойнына бір жауапкершілікті алмау, бір жауапкершілікті жүктейін десең, «мен оразамын» деп жеңіл құтылу үшін ұстайтын көрінеді. Осылайша жас ұрпақты өтірікке үйретіп жатқан көрінеміз. Ал керек болса! Қысқасы жағдай осылай. Қазақ қоғамы осылайша бірте-бірте ортағасырлық діни түнекке батып барамыз. Егер осы қарқынмен кете берсек, қара жамылған Ауғанстан мен араб əлемінің діни мемлекеттерін куып жетпесімізге кім кепіл? Құдай бетін аулақ қылсын!
Олай демейін десең, кешегі қадір түні қарсаңында БАҚ, телеарна мен радио біткеннің жарыса діни уағыздар айтып, жақтары бір тынбай сұңқылдап жатқанын көргенде, өзіңді бір сəт Сауд Арабиясында жүргендей сезіне жаздайсың. Ал мемлекет өзі атап өтуге заңды пəрмен берген 31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жөнінде жаңалықтардан бірде-екілі жұпыны сюжеттер өткені болмаса, басқа бір ауыз сөз жоқ
» ,- дейді әнші.


«Дегенмен мемлекет болып, қоғам болып бір қайрат қылатын кез келді. Тым болмаса, кеш қалмай тұрғанда балаларды діни ағымдардың ықпалынан қорғайық, мектептердің діни күштердің аран аузына жұтылып кетпеуі үшін араша түсейік. Мəселен балалар мен жасөспірімдерді 16 жасқа дейін еңбекке тартуға болмайды деген тəп-тəуір заңымыз бар ғой, сол заңның негізінде мектеп оқушылары мен студенттерге діни құлшылықтар жасауға тыйым салатын заңдар қабылдайық. Жас өскіндерімізді тəннің де, жанның да (рухани) нанына тойдырып өсірудің қамын қылайық. Әйтпесе үлкен-кішіміз құлшылық, құлшылық деп жанталасып жүргенімізде жас ұрпақтың жат ағымдардың құлы боп кеткенін сезбей қалатын түріміз бар. Бұл дегеніміз – ұрпақтан айрылу, ұрпақтан айрылу – Тəуелсіздіктен айрылу деген сөз. Нанға тоймай өскендердің қандай жемқор болатынын сіз бен біз отыз жыл бойы армансыз көріп келе жатқан жоқпыз ба?»,- деп жазды Ерлан Төлеутай

Қазіргі таңда әншінің бұл жазбасы қызу талқыға түсіп, адамдардың ойы екіге бөлінген.